Емтиханды ұйымдастырып, технологиялық қамтамасыз етуді мемлекеттік корпорация жүзеге асырады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихандарды тапсыру ережесі өзгерді, деп жазады stan.kz.
Енді теориялық емтиханды арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері қабылдайды.
Емтиханды ұйымдастырып, технологиялық қамтамасыз етуді мемлекеттік корпорация жүзеге асырады. Бұрын бұл жұмыстарды аутсорсинг компаниялары жасайтын.
Бұл бастама қазақстандықтардан сапасыз қызмет көрсету туралы шағымдардың жиі түсуінен соғ қаюбылданған. Корпорацияның айтуынша, бұл өзгеріс тестілеудің сапасын ғана емес, қауіпсіздігін де жақсартады.
Сонымен қатар, бұрын теориялық тестілеу Жол қозғалысы ережелері 2.0 жүйесі арқылы жүзеге асырылған еді. 16 қазаннан бастап мемлекеттік корпорация жол қозғалысы ережесінің жаңа 3.0 жүйесіне көшпек.
"Теориялық емтихан тапсыру кезінде тестілеу үдерісін аудио-бейне жазбаға түсіру мүмкіндігі енгізілді. Жеке тұлғаны биометриялық сәйкестендіру де жүргізіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік корпорация бұған дейін емтихан қабылдау бөлмелеріне бейнебақылау енгізген болатын. Бұл ретте кез келген адам күту залдарында да, онлайн режимінде де өтіп жатқан емтиханды көре алады. Көмекші құрал-жабдықтарды пайдаланып ұсталған клиенттер 3 айға емтихан тапсыру құқығынан айырылатынын ескертеміз", – делінген хабарламада.
Мемлекеттік корпорация теорияны келесі күні қайта тапсыруға болатынын еске салды. Егер екі рет сынақтан құласа бір айдан кейін ғана қайта тапсыруға болады.