Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдады.
ERNUR.KZ. Елімізде жыл сайын екі мыңға жуық адам жұмыста жарақат алады, 200-ден астамы қайтыс болады. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Оның айтуынша, Қазақстанда 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді.
"Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш өндірістік процестерді автоматтандыру және қауіпсіздік техникасы деңгейін арттыру есебінен жыл сайын азайып келеді. Ал бізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары екенін атап өтуге тура келеді. Елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. Оның ішінде 200-ден астам адам мерт болады", – дейді Смайылов үкімет отырысында.
Мысалы, биыл "Қазақмыс" компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші былтырмен салыстырғанда 3 еседен астам өскен. Бұрынғы "АрселорМиттал Теміртауда" аяғы адам өлімімен аяқталған қайғылы оқиғалардың саны 7 есеге ұлғайды.
Премьердің айтуынша, өндірісте қазір қолданылып жүрген жазатайым оқиғалардан сақтандыру жүйесі жұмыс берушілерді еңбек жағдайын жақсартуға ынталандырмайды.
"Бүгінде кәсіпорындардың тек 32%-і өз қызметкерлерін сақтандырып отыр. Көптеген елде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды. Яғни, оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек", – деп атап өтті үкімет басшысы.
Осы салада қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешу үшін Қазақстанда алғаш рет 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленіп қабылданды. Бұл құжат ең алдымен кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін және кәсіптік ауру түрлерін төмендетуге бағытталған.
"Барлық тәуекел алдын-ала ескеріледі. Өндірістегі қауіпсіздік саласын цифрландыру осы мәселелерді шешуге ықпал етуге тиіс. Жалпы алғанда, тұжырымдама еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруы керек", – дейді Смайылов.
Премьер денсаулық сақтау министрлігіне Кәсіптік аурулар институтын құру мәселесін тездетуді, ал еңбек министрлігіне арнайы әлеуметтік төлемдерді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыруға толық әзірлікті қамтамасыз етуді тапсырды.