Жұмыс сапарын заң үстемдігі жөніндегі халықаралық бағдарламаның екінші жылын іске асыру шеңберінде Қазақстандағы құқық үстемдігі бастамасы американдық заңгерлер қауымдастығының өкілдігі ұйымдастырды.
Қазақстан делегациясының сапары «Хорватиядағы азаматтық қоғам ұйымдары мен Үкіметтің өзара іс-қимылының құқықтық және институционалдық тетіктері» тақырыбына арналды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Іс-сапардың негізгі мақсаты Хорватияның азаматтық қоғам ұйымдарына мемлекеттік қолдау көрсету тәжірибесімен танысу, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл тетіктерін зерделеу болды.
Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының, сондай-ақ «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ, «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығы» ҚҚ, «Қостанай облысының «ГрИн» азаматтық Альянсы» ҚҚ сияқты үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Сапар аясында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың түрлі өкілдерімен кездесулер мен сессиялар ұйымдастырылды. Біз Хорватиядағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық жөніндегі үкіметтік кеңсенің және азаматтық қоғамның ұлттық қорының жұмысымен таныстық. Сонымен қатар, түрлі әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін хорватиялық ҮЕҰ-мен бірқатар кездесу өткізілді», - деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Даму және ынтымақтастық жөніндегі департаментінің директоры Айгерім Каримова.
Хорватиялық ҮЕҰ-ның өкілдері өздерінің қызметі, мемлекеттік қолдау шаралары, әлеуметтік жобаларды іске асырудағы проблемалар және тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы айтып берді.
«Бізге Хорватияның үкіметтік емес секторды дамытудағы тәжірибесі қызық. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, табысты тәжірибелерді зерделеуге, азаматтық қоғамды дамыту саласында екі елдің үкіметтік емес ұйымдарымен және мемлекеттік органдарымен байланыс орнатуға және әріптестік байланыстарды дамытуға ықпал етеді», - деп атап өтті Айгерім Каримова.
Хорватиялық ҮЕҰ-ның өкілдері қазақстандық тараптың ашықтығын құптап, диалогтың жемісті жалғасатынына сенім білдірді.