Қазақстандық фермерлер Еуропаға экспортты ұлғайтуға дайын – Президент

0
911

Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 60%-дан аса артып, 49 миллиард долларға жеткен.


Қазақстандық фермерлер Еуропаға экспортты ұлғайтуға дайын – Президент

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Еуропалық одақ елдері арасындағы стратегиялық маңызды бағыттарды атады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ортақ мүддеге сүйене отырып, өз пікірімше, Қазақстан үшін ғана емес, өңірдің бүкіл елдері үшін де стратегиялық маңызы бар басым бағыттарды ұсынғым келеді. Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің ішкі өңірлік экономикалық байланыстары жаңа сапалы деңгейге өсті. Өткен жылдың өзінде Қазақстанның өңір елдерімен тауар айналымы 19% артып, 8 миллиард долларды құрады. Жақын арада бұл көрсеткішті 15 миллиардқа жеткізуді көздеп отырмыз», - деді Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ елдерімен жалпы өңірлік сауда көлемі де қарқынды артып жатқанын айтты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 60%-дан аса артып, 49 миллиард долларға жеткен.

«Сауда номенклатурасын кеңейту жолымен экспортты ұлғайту – басым міндет болып отыр. Қазақстан ЕО елдеріне машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі сияқты салаларда 2,3 миллиард долларға 175 шикізаттық емес тауар позициясы бойынша өз экспортын ұлғайтуға дайын», - деді Президент.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығында да ынтымақтастықтың ауқымды келешегі бар екенін жеткізді.

Біздің еліміз жыл сайын 5 миллион тонна дәнді дақыл мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттайды.

«Өткен жылы Қазақстан мен ЕО елдері арасында азық-түлік тауарлары бойынша өзара сауда көлемі 35%-ға артып, 1 миллиард долларға жуықтады. Мұнымен шектеліп қалмаймыз. Қазір біздің фермерлер дәнді және майлы дақылдардың, басқа да өнімдердің экспортын арттыруға дайын. Аграрлық саладағы өзара әлеуетті пайдаланып, өңірлеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайта аламыз», - деді Президент.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропалық Одақ басшыларының екінші кездесуіне қатысу үшін Шолпан-Ата (Қырғызстан) қаласына жұмыс сапарымен барды.