Қазақстандық спортшылар жарқын жеңістерге қол жеткізуде

0
206

Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы кезекті жекпе-жегін өткізіп, филиппиндік Нонай Джоны бесінші раундта нокаутпен жеңді.


Қазақстандық спортшылар жарқын жеңістерге қол жеткізуде

Спорт – қай кезде де қолданыстан түспейтін, тұрақты түрде дамымаса, құлдырамайтын салалардың бірі. Сондай-ақ бұл дүниежүзіндегі елдердің абырой-беделінің көтерілуіне де ықпал ете алатын бағыт. Сондықтан да кез келген мемлекет сол елдегі азаматтардың спортпен шұғылдануына барлық жағдайды жасап, әлемдік ареналарда ел намысын қорғауларына қолдау жасап отырады. Қазақстанда да бұл жүйе нақты қалыптасқан. Соның нәтижесінде отандық спортшылар байрақты бәсекелерге қатысып қана қоймай, ел мерейін үстем етіп, сандаған жүлде иеленіп жүр. Бір жыл, тіпті бір айдағы жетістіктердің өзі тізіп айтуға көптік етеді. Сондықтан біз қыркүйектің соңғы аптасындағы елеулі спорт оқиғаларына шолу жасамақпыз.


Елімізде үлкен теннис те үстел теннисі де қарқынды дамып, әлем санасатын деңгейге жеттік десек, артық айтқандығымыз болмас. Мәселен, үлкен теннисте соңғы жылдары Елена Рыбакина азулы қарсыластардың біріне айналса, үстел теннисінің шебері Кирилл Герасименко Париж Олимпиадасында ерекше өнер көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Ал бір жұма бұрын бүкіл әлемге қазақстандық үстле теннисінің деңгейін көрсеткен спортшы – Құрманғалиев Алан. Ол сонау Сауд Арабиясы еліндегі Даммам шаһарында ұйымдастырылған халықаралық додада барлық қарсыласын шаң қаптырған. 17 жасар қазақстандық жеңімпаз атанған бұл турнир «WTT Youth Contender 2024» деп аталады. Алан Үндістан, Сауд Арабисы сынды мемлекеттердің спортшыларына мүмкіндік бермеген. Сонымен қатар, Грузиядағы Батуми қаласында өткен турнирде қазақстандық қос спортшы жұптық сайыста чемпион болды. Олар – Маммай Абдулла мен Миркадырова Сарвиноз. Қос спортшы ақтық сайыста Беларусь елінің өкілдерін жеңді. Одан бөлек Испания астанасында ұйымдастырылған ITF үлкен теннис турнирінде Жиенбаева Соня қарсылас шақ келтірмей, ақтық сында британиялық спортшыны ұтып, жеңімпаз атанды. Тиісінше, бұл қазақстандық спортшының үлкен спорттағы екінші жүлдесі.


Қазақстандық ауыр атлеттердің аты аталмай қалғанына біршама уақыт болды. Бұған бір кездердегі допинг даулары себеп болғандай. Дегенмен елімізде бұл сала тұралап қалды деу қисынға келмес. Әсіресе, жас буын – жасөспірімдер әлемдік додаларда жақсы қырынан көрініп жүр. Айталық, жуырда Испания еліндегі Леон қаласында жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі өтті. Осы сында Егемберді Едіге есім азамат 352 келі зілтемірді көтеріп, ел қоржынына алтын медаль салса, 344 келіні бағындырған Сәулебеов Ерасыл үздік үштіктен көрінді.


Сондай-ақ бірер күн бұрын қазіргі бессайыс додасында Қазақстан құрамасына қола медальдар түсті. Литва елінде өткен бұл чемпионатта жүлде салғандар – Богданов Данил мен Чувашов Лев екенін айта кету керек. Ал, аспан асты еліндегі Ханчжоу жерінде ұйымдастырылған ересектердің жиырмасыншы Азия біріншілігінде қазақстандықтар екі алтын, екі күміс пен бір қола жеңіп алды. Сондай-ақ, өткен аптада ел қоржынына ең көп медальді муайтайшылар салды. Атап атқанда, Бангкок қаласында өткен әлем біріншілігінде Отандастарымыздың арасынан жеті бірдей чемпион, жеті күміс жүлдегер мен он алты қола жүлдегер шықты.


Ал, боксшы, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы кезекті жекпе-жегін өткізіп, филиппиндік Нонай Джоны бесінші раундта нокаутпен жеңді.


Қазақстан спортшыларының өткен аптадағы жетістіктерінің біршамасы осы. Алайда, әлемдік спорт бір сәтке де тоқтамайды. Ал сол қарқынға ілесіп, елдің өзіндік орнын айқындап отыру кез келген мемлекеттің игілігіне балана бермек.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Бөлісу