Алматыда жалға алынған пәтерде салмағы 250 грамм кокаин тәркіленді.
Алматыда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері Италия мен Польшадан Қазақстанға жеткізілетін кокаин арнасынының жолын кесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оңтүстік астанада жалға алынған пәтерде салмағы 250 грамм кокаин тәркіленді. Ол кофе түрінде пластикалық капсулаларға жасырылған.
Бұдан әрі Қазпошта бөлімшесінде фигурантқа тиесілі сәлемдемені тәркілеу бойынша тергеу шаралары жүргізілді. Одан жалпы салмағы шамамен 1 кг есірткі заттары бар пластикалық банкалар табылды, оның ішінде 0,5 кг кокаин және 400 грамнан астам экстази болған. Бұл үш мыңнан астам бір реттік дозаны құрайды.
Анықталғандай, ұсталған шетелдік курьер функциясын үш айға жуық орындап келген, ал Алматыға шаруашылық тауар ретінде жасырылған пошта сәлемдемелері арқылы есірткінің сирек түрлерін сату мақсатында ғана келген.
– Ұсталған адамға қатысты есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу және сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, бұл қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Күдікті қамауға алынды. Елге кокаин жеткізу арналарын анықтау бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.