Бүгінде Қазақстанда 700-ден астам кореялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға Оңтүстік Корея президентін шақырды, деп жазады Stan.kz.
“Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен биылғы 11-13 маусым күндері Оңтүстік Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді”, – делінген Ақорда хабарламасында.
Екі ел басшылары келіссөз жүргізеді және қазақ-корей бизнес-форумына қатысады деп жоспарланып отыр. Сапар аясында бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылатыны айтылған.
Айта кетейік, президент Тоқаев былтыр Нью-Йоркқа жұмыс сапарын Корея президенті Юн Сок Ёльмен кездесіп қорытындылаған еді.
Кездесуде Қазақстан президенті екіжақты тауар айналымы 2022 жылы 6 миллиард доллардан асып, тұрақты өсім байқалып отырғанын айтты. Сонымен қатар корей компанияларының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 8 миллиард доллардан асып, еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қатарында нық тұрғанын жеткізген.
Бүгінде Қазақстанда 700-ден астам кореялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында KIA, Hyundai, Samsung, LG және басқа да компаниялар бар.