Қазақстанның 4 қаласында балалар ағзасындағы қорғасынға қатысты зерттеу жүргізіледі

0
2 145

ЮНИСЕФ деректері бойынша, әлемде 800 миллионға дейін бала қорғасыннан зардап шегеді.


Қазақстанның 4 қаласында балалар ағзасындағы қорғасынға қатысты зерттеу жүргізіледі

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп, балалар организмінде қорғасынға қатысты зерттеу жүргізбек, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қоршаған ортаның ластануы өткен сайын денсаулыққа қауіп төндіріп отыр. Бұл жағдай әсіресе балалардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан аймақтарда балалардың ағзасы қорғасынмен улануда. Зерттеу осы мәселені қамтиды.

«Біз өзіміз жүргізген сараптау жұмыстары қорғасынның балалардың денсаулығына әсеріне байланысты таңдап алынған өңірлердегі эпидемиялық жағдайды ішінара болса да білуге мүмкіндік жасайды деген үміттеміз. Біз болашақта ел көлемінде бұдан да ауқымды зерттеулер жүргізуді жоспарлап отырмыз»,-деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекцияға жатпайтын аурулардың алдын алу департаменті тәуекел факторларына мониторинг бөлімінің бас маманы Қуаныш Әлімбетов.

Зерттеу жұмыстары Алматы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жүргізіледі. Зерттеу жұмыстары 2021 жылдың наурыз айының соңына дейін жүргізіледі.

Айта кету керек, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) деректері бойынша, әлемде 800 миллионға дейін бала қорғасыннан зардап шегеді. Қорғасынмен улану балалардың денсаулығына ауыр залалын тигізеді. Атап айтқанда олардың миының дамуына кері әсер етіп, өзінің қарым-қабілетіне деген сенімділігі төмендейді, өзіне көңіл бөлінбейді деген күйде болады және мектепте үлгерімі төмендеп, кейінірек өзгелерге деген жеккөрушілік көзқарас қалыптасады.