Қазақстанның мемлекеттік орман қорының 5,6 млн га өртті ерте анықтау жүйесімен қамтылады

0
185

​Орман өрттерін анықтау мен жоюдың тиімді тәсілі – ормандарды авиациялық қорғау.


Қазақстанның мемлекеттік орман қорының 5,6 млн га өртті ерте анықтау жүйесімен қамтылады

ERNUR.KZ. Қазақстанда орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу жалғасуда. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлімдеді.

Ведомство вице-министрінің хабарлауынша, ерте анықтау жүйесін енгізудің нәтижесінде «Ертіс орманы» орман резерватының аумағында 2023 жылы бір өрттің орташа ауданы 11,6 га-дан 0,1 га-ға дейін төмендеген. Елімізде жүйемен қамтылған мемлекеттік орман қоры аумағы 1,3 млн га-ды құрайды.

«Ағымдағы жылы «Семей орманы» резерватында ерте анықтау жүйесі орнатылады. «Семей орманынан» бөлек бұл жүйелер биыл 23 орман шаруашылығында енгізіледі. Жыл соңына қарай жүйемен 5,6 млн га мемлекеттік орман қоры қамтылады», –деді Нұркен Шәрбиев.

Бұдан бөлек, орман шаруашылықтары орман өрттерінің алдын алу шеңберінде: 11 мың шақырым көлемінде минералданған жолақтар мен өртке қарсы жыралар жасау; қолданыстағы 310 мың шақырым жолақтарға күтім жасау; көктемгі кезеңде дала өртінің өтіп кетпеуі мақсатында 15 мың шақырым аумақта шөп өртеу жұмыстары жоспарланған.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, орман шаруашылықтарымен орман өртін сөндіру станцияларының штаттары құрылып, орман өрт сөндіру қызметтеріне тиісті оқытулар мен нұсқаулар жүргізілді. Бұдан бөлек, өртке қарсы техника мен жабдықтар жөнделіп, толық жауынгерлік даярлыққа келтіріле бастады.