Қазақтардың тапқан табысы тамағынан аспайтынын халықаралық рейтинг дәлелдеп берді

0
804

Қазақстан халқы тапқан табысының тең жартысын, яғни 49 пайызын тамаққа жұмсайды. Ал дымған елдерде бұл шығын 10 пайызға да жетпейді. Сондықтан өзге ел тапқанын жинап, бақ-қуатты өмір сүруге мүмкіндік алады.


Қазақтардың тапқан табысы тамағынан аспайтынын халықаралық рейтинг дәлелдеп берді

ERNUR.KZ. 104 елде әр отбасының азық-түлікке жұмсайтын шығындарын үнемі қадағалап отыратын АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің зерттеуінде Қазақстан артта қалған он елдің қатарына енгізіліп, 96-орынды иемденген, деп жазады zakon.kz.

Ranking.kz жүргізген зерттеуге сәйкес, қазақстандықтардың тұтыну шығындарының жалпы құрылымындағы тамақ өнімдерінің үлесі 44,9% құрады.

Бұл рейтингте Қазақстан Уганда (44,2%) мен Камерун (45,3%) секілді қос елдің ортасына қонжиған. Рейтингте, тіпті Камбоджа, Гана, Гватемала, Пәкістан, Вьетнам, Гондурас сынды елдер де Қазақстанды басып озған.

Айта кету керек, ел неғұрлым дамыған және бай болса, халықтың тамаққа кететін шығындарының үлесі де азаяды. Бұл рейтингте АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Ирландия, Канада, Швейцария, Австралия және Австрия сынды мемлекеттер көш бастап тұр, олардың тұрғындары кірістерінің 10% жетер-жетпес ақшасын ғана тамаққа жұмсайды. Германия (10,7%) мен Нидерланды да (11,4%) алғашқы ондыққа енген.

Қазақстан Республикасының ішкі деректері де бұл жағдайды растайды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2019 жылдың ІІІ-тоқсанында үй шаруашылығына жұмсалған шығыстардың жалпы сомасы 569,6 мың теңгені құрады, оның 284,3 мың теңгесі немесе 49,9% тамақ өнімдеріне тиесілі. Сонымен бірге, үй шаруашылығының жалпы шығыстарындағы тамақ өнімдерінің үлесі жыл сайын біртіндеп өсіп келеді, мұның өзі жайғайдың бүгін-ертең оңалатынын байқатпайды.

2019 жылдың ІІІ-тоқсанындағы азық-түлік пен алкогольсіз сусындарда шыққан тікелей шығын көлемі 262,9 мың теңгені құрады. Оның көп бөлігі ет және ет өнімдеріне (35,4%), нан және жарма өнімдеріне (14,2%), сүт өнімдеріне (9,9%), жемістерге (8,5%), қантқа, кондитерлік өнімдерге және тәттілерге (7,5%) жұмсалған.

Осылайша, Қазақстан халқының көпшілігі нақты кірісті ең қажетті тауарлар мен қызметтерге, соның ішінде ең алдымен азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Нәтижесінде, бұл халықтың ақша жинап, жағдай түзеуіне мүмкіндік бермейді.