Абат Нұрсейітов 56 жасында дүниеден озды. Ұлттық компанияның баспасөз қызметі бұл хабарды растады, бірақ оның неден көз жұмғанын жариялаған жоқ.
ERNUR.KZ. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының мұнай және газ өндіру жөніндегі басқарушы директоры Абат Нұрсейітов қайтыс болды, деп жазады sputniknews.kz.
"Абат Нұрсейітовтың қайтыс болғанын растаймыз", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне ұлттық компанияның баспасөз қызметіндегілер.
Абат Нұрсейітов 1963 жылы 13 мамырда Атырау облысы Доссор елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек жолын туған ауылында бастайды. Түрлі қызметтер атқарған ол 2015 жылы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі болып тағайындалады. 2016-2018 жылдары ұлттық компанияның мұнай сервистік активтер жөніндегі директор болып еңбек етті.
Өткен жылдың сәуір айынан биылғы жылдың сәуіріне дейін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының мұнай және газ секторының жетекшісі болды, одан кейін "ҚазМұнайГаз" АҚ мұнай және газ өндіру жөніндегі басқарушы директоры болып қызмет атқаруға кіріскен еді.