Кейбір қазақстандық оқушылар каникулда сабақ оқуы мүмкін

0
2 826

​Оқу үлгерімі нашарлаған оқушылардың білімін көтеру үшін жеке оқыту, каникул кезіндегі сабақ секілді іс-шаралар қолға алынбақ.


Кейбір қазақстандық оқушылар каникулда сабақ оқуы мүмкін

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрлігі карантиндік шектеулерге байланысты оқу үлгерімі нашарлаған оқушылардың білімін қалай көтеруді жоспарлап отырғанын айтты, деп жазады sputnik.kz.

"Үлгерім деңгейі төмен оқушыларға басымдық бере отырып, білімді қалпына келтіру шаралары жасалады. Жалпы, пандемияның салдарынан болған оқу сапасының кемшіліктерін жою үшін арнайы бағдарламаны жүзеге асырамыз", - деді білім министрі Асхат Аймағамбетов үкімет отырысында.

Отырыс кезінде жарияланған жоспарға сәйкес, балалардың оқу үлгерімін көтеру үшін мынадай шаралар қабылданады:

  1. жеке оқыту, шағын топтармен жұмыс;
  2. оқу материалын қысқарту – негізгі тақырыптар пен пәндерге басымдық беру;
  3. оқу мерзімін ұлғайту – каникулдық мектеп ұйымдастыру, оқу уақытын ұзарту, сондай-ақ, демалыс күндеріндегі мектеп;
  4. қашықтан оқытуды дамыту – қашықтан оқу ережелері мен мектептерге қойылатын талаптар әзірлеу, цифрлық ресурстар енгізу.

Сонымен қатар, министр дарынды балаларды қолдау жұмысы жалғасатынын атап өтті.

Атап айтқанда, "Мың бала" жобасы жалғасады, республикалық олимпиаданың, президенттік олимпиаданың жаңа үлгілері енгізіледі.

Оған қоса, жуырда қабылданған заң аясында қосымша білім алуға кең мүмкіндік беру үшін мемлекеттік тапсырыс конкурстық негізде және жекеменшік ұйымдарда да орналасады.