"Кезби" компаниясының атқарушы директоры ұсталды

0
321

Ол компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін бөлінген 321 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді.


ERNUR.KZ. "Кезби" мұнай компаниясының атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қылмыстық іс қозғалды, деп жазады sputnik.kz.

"ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті "Кезби" ЖШС атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қатысты ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы ("аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады", - деп жазылған хабарламада.

Ол компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін "Өзенмұнайгаз" АҚ бөлген 321 млн теңгені жымқырып, сондай-ақ 1,5 млрд теңгеге жуық сомаға салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінді.
2021 жылы "Кезби" ЖШС "Өзенмұнайгаз" АҚ-мен бригада үшін сағатына 65 мың теңге бағамен қызмет көрсету шартын жасасқан. Кейіннен еңбекақы мен медициналық жәрдемақының өсуін қоса алғанда, жұмысшылар үшін әлеуметтік пакетті жақсарту мақсатында қызмет бағасы бригада үшін сағатына 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
Алайда қаражаттың едәуір бөлігін, атап айтқанда 321 млн теңгені компания басшысы қызметкерлер үшін жұмсамай, жымқырған.
2024 жылғы 3 қарашада күдікті Кезбаев ұсталды. Қазіргі уақытта қылмыстың мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр.