"Халық мүддесін қорғамайды": депутат Құрылыс кодексін сынға алды

0
482

Депутат ондай кодексті 11-сынып оқушысы да жаза алатынын ашық айтты.


ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Құрылыс кодексінің жаңа жобасын сынға алды, деп жазады Sputnik Қазақстан.


Бүгін парламенттің төменгі палатасында кодекс жобасы таныстырылды. Сол кезде депутат Базарбек осы құжатта еш жаңашылдық жоқ екенін мәлімдеді.

"Алдымызда жатқан Құрылыс кодексі 177 беттен тұрады, 34 бөлім мен 200 бап бар. Министрліктің 3-4 бөлімді ғана қосты, бар болғаны осы. Қалғаны - сәулет және қала құрылыс, жеке тұрғын үй және үлестік қатысу туралы заңдар. Жобада ешқандай жаңалық жоқ. Басқаша айтқанда, үш-төрт заңды қосып, жаңалық ретінде кіргізе салды", – деді Базарбек.

Оның айтуынша, 78-бапта лоббистік норма бар. Бұны да заңнан көшіре салды. 83-бап та заңнан алынды. Барлығы – ескі нормалар. Ондай баптар аз емес. Ал, ең бастысы, тиісті шарттарды орындау тәртібі көрсетілмеген.

"2000 жылы құрылыс салушылар үшін жасалған нормалар да қалды. Олар бұрынғыдай авторлық және техникалық бақылауды жасай береді. Ал жауапкершілік жоқ, артынан үлескерлердің мәселесі болып қалады. Кодекс халықты қорғап тұрған жоқ", – деп атап көрсетті Базарбек.
Депутат ондай кодексті 11-сынып оқушысы да жаза алатынын ашық айтты.

"Жарайды, 1-ші курс студенті де жаза алады. Бұл реферат қой, курстық жұмыс сияқты. Ал оны бізге Құрылыс кодексі ретінде таныстырып жатыр. Грамматикалық және орфографиялық қателер де бар. 3-ші курс студенті ондай қателіктерді жібермейді", – деді Базарбек.
Кодексті таныстырған өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин барлық сын-ескертпелерді қабылдайтынын және бәрін жұмыс тобында қарастыруға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, цифрландыру шаралары арқасында көп мәселе шешіледі.