Көкшетауда "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған үй қирай бастады

0
892

Тұрғындарға үйдің кілтін облыс әкімі Ермек Маржықбаевтың өзі берген.


Көкшетауда

ERNUR.KZ. Көкшетауда Сарыарқа шағын ауданындағы №15/5 үйдің тұрғындары шу шығарды. Аталған үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында небәрі жарты жыл бұрын ғана пайдалануға берілген. Алайда, ғимараттың іргесі қақырап, жертөлесінен су кетіп жатыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.


Мұндағы халық бірнеше мәрте облыстық әкімдікке, үйді салған мердігер компания мен Көкшетау қалалық құрылыс бөліміне шағымданған. Алайда, соңғы алты айдан бері ешқандай өзгеріс жоқ. Тұрғындар болса қирағалы тұрған үйдегі пәтерлерін ондаған жылға ипотекалық несиемен алғандарын айтып ашынып отыр. Несиені Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» рәсімдеген.

«Үш жыл бойы бала-шағамның аузынан жырып, қаладан баспана алайын деп «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» қаражат жинадым. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында байқау болып, пәтер алатынымды естігенде қатты қуандық. Жаңа жылдың алдында 30 желтоқсанда облыс әкімі Ермек Маржықпаев пәтер кілтін табыстағанда, төбем көкке бір елі жетпеді. Маған үй жалғызбасты ана ретінде берілді. Алайда, қуанышым ұзаққа созылмады. Үйіміздің жағдайын көргенде жаным қатты жабырқады. Іргесі қақырап, жертөлесіне су толып кеткен. Тоғыз қабатты үйде лифт орнатылғанымен ол істемейді. Орталықтандырылған газ қойылмаған. Баспалдақтары түсіп, қабырғалар жарылған. Ипотека біткенше үйіміз опырылып құлай ма деп қауіптенемін, - дейді қирағалы тұрған үйдің тұрғыны.



Осы үйде тұратын Жанат есімді жігіт те үйдің сапасы сын көтермейді дегенді айтып отыр. Пәтерді қабылдап алатын кезде асығыс қол қойдырып алды, тексеруге мұрша берген жоқ дейді.

«Мен өзім құрылысшы маманымын. Мынадай сапасыз үйді бірінші рет көруім. Жылдар бойы ақша жинап осындай пәтер аламыз деп ойламадық. Жағдайы өте нашар. Лифт істемейді. Есік-терезелер дұрыс жабылмайды. Әр жаңбыр жауған сайын балконға су кетеді. Аққан су жертөлеге жиналады, оның иісі тым сасық, қолқаны қабады. Қазір жертөленің іргесі жарыла бастады. Жапсырылған плиткалары ұшып түскен. Желдеткіш құбыр ауаны сыртқа шығарудың орнына керісінше ішке сорады. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің», - дейді өзін Жанар деп таныстырған тұрғын.

Оның айтуынша, ғимарат алғашқы жоспарға сәйкес салынбаған. Мердігер компания алғашында жөндеп береміз деп уәде берген екен. Алайда, содан кейін үйді жөндеуге адам баласы келмеген.

«Мен бұл екі бөлмелі пәтерді 7 миллион 300 мың теңгеге он жылға ипотекаға алдым. Ал, енді сата алмаймын. Естуімше, бұл компания тағы басқа үйлерді салып жатқан көрінеді. Билік мұндай компанияға құрылысты қалай сеніп тапсырады?», - деді Жанат.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалынан құрылыстың сапасына жауап бермейтіндерін бірден айтты. Банк тек несие берген.

«Сарыарқа шағын ауданындағы 15/5 мекен-жайындағы үйді облыс әкімдігінің тапсырысымен былтыр қараша айында пайдалануға берілді. 35 пәтерлі тұрғын үйдің шаршы метрі 140 мың теңгеден саудаланды. Ғимараттың салынуы мен сапасына біз жауап бермейміз. Оны жергілікті атқарушы органдар авторлық қадағалау актілерін жасап, мемлекеттік комиссия арқылы қабылдап алады. Біз тұрғындарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы конкурстан жеңіп алған адамдарға ипотекалық несие береміз, болды», - дейді филиал директорының орынбасары Нұржан Әлібеков.

Тұрғын үйге газ тартуы тиіс «ЭРСУ Газстройсервис» ЖШС басшылары да ғимараттың мүлдем сапасыз екенін айтып отыр. Үйге газ құбырын тарту мүмкін емес дейді олар.

«Біз тұрғын үйге газ орната алмаймыз. Себебі тұрғын үйдің жобасы газ тартуға сәйкес келмейді. Үйді қабылдау кезінде заңбұзушылықтар болған. Пәтерлерге қойылған газ крандары 100 пайыз жарамсыз. Техникалық шарты бойынша қызмет көрсетілмейтін шарлы кран орнатылуы тиіс. Ал, іс жүзінде тығынды кран орнатылған. Жобалаушылар берілген техникалық шартқа сай жұмыс жүргізбеген. Подъезд ішіндегі газ крандарының тіреулері құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейді. Тіреулерді дәнекерлеп, жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Техникалық шарт бойынша дәнекерленген жердің астынан кран орнатылуы тиіс. Бірақ бұл да жобалаушымен жасалмаған. Аталған заң бұзушылықтар туралы біз бірнеше мәрте құрылыс бөліміне хат жаздық. Бірақ әлі тиісті жауап ала алмай отырмыз. Газды аталған қателіктер түзетілмей орната алмаймыз», - дейді «ЭРСУ Газстройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Евгений Джуркин.

«БӘРІНЕ КОРОНАВИРУС КІНӘЛІ...»

Ал, қаланың құрылыс бөлімі бар кінәні коронавирусқа әкеп тіреді. Тұрғындарға пәтерлерін жөндеп бергісі келгенімен, жұмысшылардың жаппай ауыруы қолбайлау болып отырған көрінеді.

«Иә, аталған тұрғын үйдегі мәселе біздің назарымызда. Бас мердігер компания «Строй Тех ІС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеп беруден қашып тұрған жоқ. Жасалған кемшіліктерді жоюға уәде берді. Бірақ, қазіргі уақытта компанияның бірнеше қызметкері коронавирус дертіне шалдығып, жұмыстары жүрмей жатыр. Тұрғын үйге барлық техникалық тексеріс жасалған. Барлық мемлекеттік органдар тиісті декларацияға қол қойған. Өткен аптада 18 маусым күні тұрғындармен авторлық қадағалау, «ЭРСУ Газстройсервис» ЖШС-і, «Лифтсервис-2006» кәсіпорындарының өкілдерінің қатысуымен жиын өткізілді. Пайдалануға берген ұйымдардың ескертулері, газ және лифт 1 тамызға дейін түзетілетін болады», - деді Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Ержан Шәкіржанов.

Мердігер компания «Строй Тех ІС» ЖШС директоры Мұхтар Есеновтен жауап алу мүмкін болмады. Ол телефонға да, жазылған сауалға да үн қатқан жоқ.