Көлгінов LRT құрылысына бөлінген қаржы қалай үнемделетінін айтты

0
799

LRT құрылысының жобасы толықтай қайта қарастырылды.


Көлгінов LRT құрылысына бөлінген қаржы қалай үнемделетінін айтты

ERNUR.KZ. Үкіметтің бүгінгі отырысында елорданың әкімі Алтай Көлгінов LRT-ның құрылысын жалғастыруға қатысты жоспарды ұсынды, деп жазады sputniknews.kz.

Әкімнің айтуынша, жобаның шығындары біраз қысқартылған. Соның нәтижесінде "LRT-ның шағын нұсқасын" енгізу жоспарланып отыр.

"Жолаушылардың қазіргі санын ескере отырып, жоба аясында жылжымалы құрамды немесе пойызды 19-дан 11 бірлікке дейін қысқарту мүмкіндігі қарастырылды. Бұл 40 миллион АҚШ долларын немесе 15 миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, пойыздардың жүру интервалы 3 минуттан 10 минутқа дейін ұзартылады. Алдағы уақытта халықтың саны көбейсе, оны қайтадан қалпына келтіруге болады", - деді Көлгінов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, жоба аясында аялдама-стансаларды қысқарту туралы шешім қабылданған. Бүгінгі сызба бойынша 18 станция бар. Оны 11-ге дейін қысқарту жоспарланған. Осының нәтижесінде 110 миллион АҚШ долларын немесе 42 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделеді.

"Шаралар жобаның шығындарын 350 миллион АҚШ долларына немесе 135 миллиард теңгеге азайтуға септігін тигізеді", - деді Көлгінов.

Бұдан бөлек, үкімет Қытай даму банкінің қарызынан бас тарту туралы шешім қабылдады. Соның арқасында бюджетке түсетін салмақ 800 миллион АҚШ долларына дейін азаяды.

"Сонымен қатар, біз Қытай тарапынан келісімшарт құнына салықты қосу туралы келіссөзді бастадық. Бұл шара жоба бойынша шығынды 200 миллион АҚШ долларына немесе 76 миллиард теңгеге дейін азайтады. Бюджетке қосымша салмақты азайтуға болады", - деді Көлгінов.