Көліктердің соқтығысуынан 4 адам жарақаттанған.
ERNUR.KZ. Ақтаудың 30, 32, 33 және 34 ықшам аудандарындағы көші қиылысында жол апаты орын алды. Соғылған көліктердің бірінің тізгіні 13 жастағы жеткіншектің қолында болған көрінеді. Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде 39 жастағы ер адам қаза болды, деп жазады Stan.kz.
Жол-көлік оқиғасында Toyota Camry, Geely және Hyundai Accent автокөліктері соқтығысқан.
«Алған жарақаттардың әсерінен Geely автокөлігінің жүргізушісі сол мезетте мерт болды. Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 3 бабы бойынша іс қозғалатын болады. Қажетті сараптамалар жасалады», - делінген Маңғыстау облысының ПД-нің баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Полиция қызметінің жолда көлікті қууы туралы ақпарат жоққа шығарылды. Дегенмен көліктердің бірін кәмелеттік жасқа толмаған бала айдағаны анықталды. Жедел жәрдем қызметіне болған оқиғаға байланысты хабар сағат 09:21 шамасында түсіпті.
Дәрігерлердің айтуынша жол апаты орын алған жерге екі жедел жәрдем бригадасы жіберілген. Олар көліктердің соқтығысуынан 4 адам жарақаттанғанын, олардың бірі оқиға орнында қаза тапқанын анықтаған. Ал қалған үшеуі, оның ішінде көлікті айдаған 13 жастағы бала ауруханаға жеткізіліпті.