Қолы жоқ оралдық фотограф: Арман мен мақсатсыз ештеңеге жету мүмкін емес

0
1 508

Гордей Трищенков туа бітті ақаумен туған. Бала кезінен қос қолының басы мен екі аяғы тізеден жоқ болған. Қазір аяғында протез киіп жүреді.


Қолы жоқ оралдық фотограф: Арман мен мақсатсыз ештеңеге жету мүмкін емес

ERNUR.KZ. 30 жастағы оралдық фотограф Гордей Трищенков мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан қазақстандықтарды шығармашылығымен таң қалдырып келеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Екі қолының жоқтығына қарамастан ол ғажап суреттер түсіреді.

Гордей Трищенков туа бітті ақаумен туған. Бала кезінен қос қолының басы мен екі аяғы тізеден жоқ болған. Қазір аяғында протез киіп жүреді.

«Мен Оралда дүниеге келдім. Барлық балалар сияқты мектепте оқыдым. 4-сыныпқа дейін гимназияда оқыдым, 5-сыныптан бастап үйде оқуыма тура келді. Сосын институтқа аудармашы мамандығы бойынша оқуға түстім. 4-курста емханаға бағдарламашы болып жұмысқа орналастым. Кейін бірқатар жекеменшік ұйымдарда жұмыс жасадым»,- деді фотограф.

Гордей фотоөнерге 2012 жылдан бастап қызығушылық таныта бастаған. Ол жаңа аппарат сатып алып фотографиямен толығымен айналыса бастаған.

«Фото - менің екінші жұмысым. Табиғаттың ғажап пейзаждарын, портреттік фото, көше пейзаждарын, той суреттерін жасаймын. Макротүсірілімдерді жақсы көремін. Біздің қаламызда бұл жанр аса дамымаған. Қаланың әлеуметтік желісіне Оралдың көзге түспей тұрған ғажап тұстарын көрсеткім келеді», - деді фотограф.

Гордейдің ата-анасы баласын ешкімнен кем қылмай тәрбиелеген.

«Мен әке-шешем, әжем мен ағаммен өстім. 2011 жылы шаңырақ құрып, бөлек шықтым. Кейінірек бізде Даяна есімді қыз дүниеге келді. Мені бала кезімнен ешкім мүмкіндігің шектеулі деп мүсіркеген жоқ. Еңбектеніп, армандап, мақсат қойып, шешім қабылдап үйрендім. Бірақ жақындарымыздың көмегінсіз бұған жету мүмкін емес еді», - деді ол.