Офицер әскери бөлімнің қаржылық қызметінде жұмыс істеген.
ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басхожаев Аягөз гарнизонында алдын ала болжам бойынша өзіне қол жұмсап қаза болған 26 жастағы офицердің өліміне қатысты түсініктеме берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оның айтуынша, марқұм Аягөз гарнизонына екі жылға шақырылған. Алтыншы қыркүйекте әскери бөлімнің тізіміне енген.
«Офицер далалық жұмыспен байланысты емес қаржылық қызметте лауазым атқарған. Қоныс аударуына байланысты барлық өтемақыны, ақшаны алды. Кеше соңғы рет әкесімен сөйлескен, әскери қызметке ешқандай шағым түсірмеген. Мүмкін, Аягөз гарнизонына көшуіне, яғни орын ауыстыруына байланысты психологиялық әсер болған шығар. Қазір енді біз болжам жасамай-ақ қояйық. Тергеуші әріптестеріміз мән-жайды анықтайды. Біз оның ата-анасына, отбасына көңіл айтамыз. Бұл дұрыс емес. Біз шетте қалмаймыз, барлық қажетті тергеу амалдары жүреді», - дейді Басхожаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Офицердің өлімі бойынша Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғалған.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қорғаныс министрлігіне қарасты Аягөз гарнизонында офицердің көз жұмғаны хабарланды. Гарнизонның баспасөз қызметі әскери қызметкер өз үйінде суицид жасады деген ақпарат таратты.