Қорғаныс министрлігі тағы үш адам жарақат алғаны жайлы ақпаратқа түсініктеме берді

0
886

​Салалық ведомство тарс еткен дыбыс естілген кезде үш әскери қызметкер бөлім аумағында болғанын растады.


Қорғаныс министрлігі тағы үш адам жарақат алғаны жайлы ақпаратқа түсініктеме берді

ERNUR.KZ. Қазақстанның қорғаныс министрлігі 29 тамыздағы жарылысқа ұқсас тарсылдан кейін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің аумағында тағы үш әскери қызметкер жарақат алғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады sputnik.kz.

Бұған дейін бұл ақпаратты БАҚ қорғаныс министрлігі бас инспекция басқармасының бастығы, полковник Жұмабек Хасеновке сілтеме жасап таратқан болатын.

Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі подполковник Дина Мухаринованың айтуынша, 29 тамызда сағат 12.20 шамасында шынымен де жарылуға қауіпті заттан тарс еткен дыбыс шыққан және сол кезде қойма аумағында үш адам болған.

"Профилактикалық мақсатта олар Тараз әскери госпиталына тексерілуге жіберілді. Дәрігерлер оларды қарап шыққаннан кейін ешқандай жарақат алмағанын анықтады. Содан соң әскери қызметшілер қызмет орнына оралды", - деді Мухаринова.

Қазіргі таңда 26 тамызда өрт шығып, артынан бірнеше жарылыс болған әскери бөлімнің маңында аумақты тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Жүргізіліп жатқан іс-шаралар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға жіті назар аударылған. Бұл жұмысқа тартылған әскери қызметшілер арнайы қорғаныс костюмдерінде жұмыс істеп жатыр.