Коронавирус: Алматы маңындағы ауылдарда 2 зертхана ашылады

0
843

Қалада зертханалық жолдармен расталған 8259 адамның 71,2 пайызы Алматыда тіркелген.


Коронавирус: Алматы маңындағы ауылдарда 2 зертхана ашылады

ERNUR.KZ. Алматы маңындағы аудандарға COVID-19 анықтауға арналған 2 зертхана ашылады. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, қалада зертханалық жолдармен расталған 8259 адамның 71,2 пайызы ғана Алматыда тіркелген. Қалған 1404 адам қала маңындағы аудандарда немесе басқа өңірлерден келген.

Жақында дәрігерлер, эпидемиологтар, зертхана мамандарынан тұратын арнайы топ Алматы агломерациясындағы 3 ауданды аралап көрді. Қалалық мамандар облыс мамандарына кешенді кеңес көрсетті.

«Аралау кезінде алыс аудандарда COVID-19 анықтауға арналған заманауи зертхана тапшы екенін байқадық. Сондықтан, Алматыдан облысқа 1 стационарлық, 1 жылжымалы зертхана беру туралы шешім қабылданды. Байқағанымыздай, Алматыға түскен қоңыраулардың 40 пайызы Алматы облысынан келгені анықталды. Сондықтан, егер оларға жергілікті жерде кәсіби көмек көрсетілсе, оларға Алматыға келуге қажеттілік болмас еді», - деді Жандарбек Бекшин.

Стационарлық зертхана қуаты тәулігіне 1000 тест болса, жылжымалы зертханалар тәулігіне 500 тест болмақ.

«Бұл ауданда тұрып жатқан халыққа үлкен көмек болады. Шығарып жатқан зертханалардың сынама тарифтері өте төмен. 11500 тг аспайды. Лабораториялық зерттеудің қол жетімді болуы маңызды деп ойлаймын», - деді Ж.Бекшин.