Қазақстанға келген көрші елдің дәрігерлері «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтанға келген қытайлық дәрігерлермен онлайн байланыс арқылы пікір алмасты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қытайлық әріптестермен тығыз байланыста болдық. Жалпы, індетпен күресте сіздерге және Қазақстанның дәрігерлеріне алғыс айтқым келеді. Медицина қызметкерлеріміз әлемдік тәжірибені зерттеуге ашық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен де жұмыс істеудеміз. Бүгінде ғылыми медицина бар, сәйкесінше, тек ғылым негізінде үздік тәжірибелерді зерттеп, енгізуіміз керек. Сондықтан Қытайдан келген дәрігерлердің озық тәжірбелерін зерттеудің мүмкіндігі болды», - деді Е. Біртанов.
Осы орайда министр ҚХР дәрігерлерінің тәжірибе алмасу үшін келген сапары бұл саладағы ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретінін айтты. Сонымен қатар, елімізде коронавируспен күрес шараларына жұмылдырылған дәрігерлердің Қытайға сапарын ұйымдастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Бұл тұрғыда Елжан Біртанов бұл бастаманы дипломатиялық жолмен пысықтау керектігін жеткізді.
«Менің ойымша, бұл бағыттағы тәжірибе алмасу шаралары өте маңызды болады. Коронавируспен күресті тиімді жүргізу үшін аталған ұсынысты пысықтауды сұраймын. Қажет болған жағдайда, Қытайдың Денсаулық сақтау министріне тиісті хатты жолдауға әзірмін», - деді ведомство басшысы.
Онлайн-конференция соңында Е. Біртанов ҚР Денсаулық сақтау министрлігі атынан елімізде коронавирус инфекциясымен күресуге қосқан зор үлесі үшін қытайлық делегацияға алғыс айтты. Осы орайда көрші елдің дәрігерлері «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, 9 сәуір күні Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық өлкесінен дәрігерлер Қазақстан астанасына келді.
Қытайдан арнайы келген 10 дәрігердің арасында пульмонолог, эпидемиолог мамандар, қоғамдық денсаулық сақтау сарапшылары бар. 15 күндік сапарда олар коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды диагностикалау, емдеу және қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін талқылады.