Трактор жүргізушісі жол жүру ережесін бұзған.
Фото: © istockphoto.com
ERNUR.KZ. Қостанай облысында пойыз бен трактордың соқтығысуы салдарынан трактор жүргізушісі қаза тапты, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, қайғылы оқиға 27 сәуір күні таңертең Есіл – Арқалық учаскесіндегі реттелетін теміржол өткелінде болған.
«Өткізу сигнализациясы дұрыс жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, трактор жүргізушісі жол жүру ережесін өрескел бұзып, пойыздың жолына шығып кеткен. Машинист шұғыл тежеу қолданғанымен, соқтығыстың алдын алу мүмкін болмады», – деп мәлімдеді ҚТЖ өкілдері.
Оқиға салдарынан трактор жүргізушісі ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.
ҚТЖ өкілдері тағы бір мәрте жүргізушілерге теміржол өткелдерінен өту кезінде жол жүру ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертті.