"Ұлымды үйлендіруге ақшам жоқ": ер кісі әйелінің қадірін қазасынан соң түсінген

0
313

"Түн қатып кафе, көше кезе бермей, балаларымның болашағын қамдағанымда ғой..."


Сурет: proxy.nowhereincoming.net

"Бір ұл, бір қызым бар. Екеуі де студент. Әйелім сол екеуін маған аманаттап, келместің кемесіне мініп кете барды. Кезінде қадірін түсінбедім бе, оны ренжіткен сәттерім болды. Енді «Сол кезде неге қызбалыққа салындым екен?» деп өкінемін" деген ер кісі ERNUR.KZ оқырмандарына өкініші мен өмірден түйгендерімен бөліскісі келетінін айтты.


Келешегімді ойласам, өмірден түңіліп кетемін. «Кәрілік аяқтан басталады» демекші, жас кезде тиген, сүйектен өткен суықтар шығады екен. Ата-бабамыздан келе жатқан бір ғибратты сөз бар емес пе: «Орта жолда – атың өлмесін, Орта жаста – кемпірің өлмесін» деген. Қазір аяқ-қолым сау, жұріп жүрмін. Ал бір күні ауырып жатып қалсам, менің жағдайымды кім жасайды, кім қарайды деп қамығамын.

Алдында бір үйленгенмін. Бірақ бір ауыз сөзге бола арамыз ажырап кетті. Қазіргі жағдайыма қарай маған жар болатын адам жоқ. Біреуінің немересі, біреуінің шөбересі бар дегендей. Табылған күнде де, ұл мен қызым өз анасындай қабылдамайды ғой. Жасым 40 не 50-де болса бір сәрі.

Ұлым – 24-те. Үйлендіргім келеді. Бірақ жағдайым көтермейді. Қалыңмал, беташар, той – бәріне де қаржы керек. «Қыз – жат жұрттық» демекші, қыздың жөні – бөлек, ұлдың жөні – бөлек.

Жас келгенде өткенде жасаған қателіктеріңді түсінесің, бармақ тістейсің. Бірақ амал не, өтті-кетті. Өкінгенмен, қайта келмес. Өз кіндігіңнен шыққан бала да жат боп кетеді.

«Біреудің қатесі – біреуге сабақ» деген. Өзімнен кейінгі іні-бауыр, балаларым мен жігіт боп қалған немерелерге айтарым мынау. Әйелдің жаны нәзік боп келеді. Аялай білсең, ол да саған қамқор болады. Аяламасаң, бірте-бірте қадірің қашады. Шаңырақтың шайқалмай нық тұруы ерлі-зайыптының бір-біріне деген сыйластығы мен татулығына байланысты. Үйдегі ұрыстан береке қашады, көңілге дақ түседі. Келешегін ойлап, таразылап, әр қадамын адаспай басатын адам бақытты отбасы болады.

Осыны ертерек түсінгенімде ғой... "Мен - еркекпін" деп кеудемді ұрып, есіріп әрдеңеге ұрына бермей, тыныш жүруші едім. Әйеліммен ақылдаса, бірлесе отырып, берекемізді кіргізер едік. "Еркек - түздің адамы" деп қойып түн қатып кафе, көше кезбей, балаларымның болашағын ертеректен қамдағанымда ғой..."