Қостанай облысында жаңартылатын энергия көздері көбейіп жатыр

0
256

Электр станциясы экологияға да оң әсерін тигізеді.


Қостанай облысында жаңартылатын энергия көздері көбейіп жатыр

Біздің еліміз бүгінде әлемдегі тың тәжірибелер мен озық технологияларды қолданысқа енгізіп, экологиялық және экономикалық ахуалды арттыруға бет бұрып жатыр. Соның бір бағыты – табиғи, жалпы тілмен айтсақ «тегін» ресурстарды пайдалану арқылы энергия өндіру. Оның үстіне жаңа электр станцияларын қоршаған ортаға барынша аз зиян тигізетіндей етіп жасақтауда.


Осындай нысандардың бірі біршама уақыт бұрын ғана Қостанай облысында іске қосылған болатын. Ол – Арқалық қаласының аумағында бой көтерген жел электр станциясы. Мамандардың сөзіне сүйенсек, аталған жел электр стансасы бір жағынан жергілікті халықты электр күшімен қамтамасыз ету тұрғысынан сенімділік сыйласа, екінші жағынан табиғи ортаға шығарылатын улы газдарды азайтуға септігін тигізеді екен. Сондықтан да болар, қазіргі уақытта Қостанай облысындағы өзге де аудандарды сапалы электр күшімен қамтамасыз ететін тап осындай тағы бірнеше жобаны іске асыру көзделіп отыр.


Мұндай шешім қабылдаулары да бекер емес. Олай дейтін себебіміз, бүгінде аталған өңірдің оңтүстігіндегі электр желілері түгелдей дерлік тозып кеткен екен. Мұны біз емес, облыс әкімдігі ресми түрде хабарлады. Тиісінше, Арқалық, Жангелдин және Амангелді аудандарының электр желілерін қайта құру жұмыстары талқыланып, шақырымға жуық электр желісін, үш бірдей қосымша бекет пен төрт бірдей энергия тарату нысанын жаңалау бағытында жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Өңір басшысының айтуынша, биыл аталған жобалар үшін сараптаманың оң бағасын алып, републикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсыныс жасау жұмыстары атқарылады.


Сонымен қатар, жел электр стансасы ашылған аумақта өзге де энергия өндіру бағытындағы жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өту қажет. Мәселен, онға жуық қосымша станциялар қондырылып, қосымша бекетке қуат жеткізетін желілер салынған. Басқа да құрылыстар жүргізілген.


Айта кетсек, аталған жобаға қаржы салған инвестор – «KazWindEnergy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ал, жұмысты орындаған мердігер –«Юникстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бір артықшылығы бұл жоба өткен жылдың сәірінде бастау алып, соңғы айда аяқталған. Яғни қысқа ғана мерзімде іске қосылған. Жел электр станциясының құны 24 миллиард теңгені құрайды. Қазір мұнда жергілікті билік пенинвесторлардың келісіміне сәйкес, жиырмадан аса тұрғын жұмыс істеп келеді. Желмен жұмыс істейтін генератордың қуаттылығы – елу мегаватқа жуық.


Сондай-ақ, келер жылы дәл осы қала аумағында қуаттылығы елу мегаваттық тағы бір жел электр бекеті іске қосылады деп көзделіп отыр. Аталған жобаға «Қостанайюжэлектросервис»коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны осы уақытқа дейін төрт жүз миллион теңге қаржы жұмсаған екен. Аталған жоба мен жоспардағы өзге де электр станциялары іске қосылып жатса, Қостанай облысындағы жаңартылатын энергия көздерінің көлемі арта түспек.


Еске сала кетсек, елімізде тұрғындарғы жайлы өмір сүру ортасын сыйлайтын инженерлік инфрақұрылымды дамытуға айрықша назар аударылып жатыр. Мысалы, былтырғы жылы осы мақсатқа 500 миллиард теңге бөлінген. Оның 327 миллиард теңгесі мемлекет бюджетінен қаралған. Нәтиесінде, елімізде ауқымды жылу өндіретін орындар мен электр станциялары салынып, алты мың шақырымға жуық желі жаңартылды. Ендігі кезекте 450 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 6,5 мың шақырымнан аса желі жаңартылады деп көзделіп отыр.


Ал, 2029 жылға дейін бұл көрсеткіш он есе өсіп, тозу деңгейі төмендейтін көрінеді. Ол үшін үш триллион теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Осылайша халыққа қажетті сапалы қуат көздерін қол жеткізілмек.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ