«ҚЫЗЫМ ДЕМЕЙДІ»: әкесіз өскен келіншек енді өз қызының да әкесі болмайтынына өкінеді

0
999

Әкесінің құшағында өскен қыздар, қандай бақыттысыңдар...


«ҚЫЗЫМ ДЕМЕЙДІ»: әкесіз өскен келіншек енді өз қызының да әкесі болмайтынына өкінеді

көрнекілік үшін сурет: pinterest.com

"Бір танысым вацаптағы статусына «Егер телефоныңа мына екі адамнан әлі күнге дейін қоңырау келіп тұрса - әлемдегі ең бақытты адамдардың қатарындасың» деп жазып қойыпты. Қыркүйектің басында оның қарт әкесі қайтты деп естігем.

Қай жаста да адамға ата-ана керек. Өзің әке болсаң да, әке керек, оның орны бөлек. Өзім әкесіз өскеннен соң ба, танысымның статусынан көрген жазба еріксіз жылатты", - деп жазыпты ERNUR.KZ оқырманы редакцияның әлеуметтік желідегі парақшасына.


"Әкемнің бір ауыз «Қызым» деген сөзін естімей өстім-ау деп жыладым әлгі жазбаны оқып. Көз алдымнан балалық шағым өтті. Сыныптас, көрші қыздардың әкесін айтып мақтанғанын естіп құлазыған кездерім.

Әкем мен алты айлық нәресте кезімде қайтыс болған екен. Анамның айтуынша, түнде ұйықтағаннан қайта оянбапты. Алланың ісіне көндіккенмен, жұрт әкемнің жоғын еске сала береді.

Сәл қате жіберсем, көрші-көлемнен «Әке тәрбиесін көрмеген» деген сөзді естіп, талай жылағанмын.

Сүйгенімді жолықтырғанда «Енді жыламаймын. Қорған болатын адамым бар» деген едім. Бірақ ол өз жасына, еркек деген атына сай іс жасамады. Жүкті етіп тастап кетті.

Он жас үлкендігі бар ол жігіт бастапқыда ағамдай қамқор болды. Оған балаша еркеледім. Үйленетінін айтты, сүйетініне сендірді. Ойындағысы орындалған соң да әркез қасымнан табылып жүрген болатын. Ай-күнім жақындағанда хат-хабарсыз кетті. Ортадағы таныстардың айтуынша, Есімхан отбасылы екен. Неге соны басында ашып айтпағанына ашуым келді. Әкесі жоқ деп осылай басынуға, алдауға бола ма?

Жүкті кезде әйел тым көңілшек болып кетеді дейді ғой. Болмашыға жылап қала беретін болыппын.

Қазір перзентханадамын. Дәрігерлер құрсағымдағы қызымның да, менің де жағдайым жақсы екенін айтты. Босанғанша дәрігерлер бақылауында болам.

Кеше әр он минут сайын толғаттым. Жаным көзіме көрінді-ау. Қиналып, әр айтолғақ келген сайын жыладым. Бір жағынан қиналу, бір жағынан қызымның да өзім сияқты әкесіз өсетінін ойлағаннан.

Палатада бір үйдің ерке қызы жатыр. Күйеуі күніне екі рет келіп, сүйікті тағамдарын әкеп береді. Сағат сайын әкесі видеоқоңыраумен сөйлеседі. Әкесінің мейірімге толы үнмен «Қызым» дегені құлағыма шалынса, көзімнен жас парлайды. Әкем болғанда маған да «Қызым, жағдайың қалай?» деп қоңырау соғар еді-ау.

Ал менің қызымның әкесі тірі болса да «Қызым қалай?» деген бір ауыз сөзін қимай жүр. Әкесінің құшағында өскен қыздар, қандай бақыттысыңдар..."

Бөлісу