Қостанайлық домбырашылар Гиннес рекордтар кітабына енді

0
980

Гиннес рекордтар кітабына енгені халықаралық сертификатпен расталды


Қостанайлық домбырашылар Гиннес рекордтар кітабына енді

ERNUR.KZ. Былтыр Қостанай облысының Амангелді ауданында өткен Ұлттық домбыра күніне арналған мерекеде 1000 домбырашы бір мезетте екі күй орындаған еді. Бүгін амангелділіктердің Гиннес рекордтар кітабына енгені халықаралық сертификатпен расталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Былтырғы Қостанай облысындағы Ұлттық домбыра күнінің басты жаңалығы – Амангелді ауданында тұңғыш рет 1000 домбырашының қатысуымен күй ойналды. Бұл бастаманы аудан әкімі Әмірхан Асанов көтерген.

Домбырашылар бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын» және «Келіншек» күйлерін орындады.

«Домбырашылар ауданның әр ауылынан қатысты. Ең жасы 5 сынып оқушысынан бастап, 90 жасқа таяған қарияларға дейін болды. Былтырғы шараға бірнеше ай бойы дайындық жұмыстары жүргізілді. Әр ауылдардағы клуб қызметкерлері, мектептердегі домбыра үйірмелеріне жетекшілік ететін музыка пәнінің мұғалімдері белсене қатысты. Мақсатқа қол жеткіздік, күйлерді мың домбырашы сәтті орындап шықты. 1000 домбырашыға өңірге белгілі өнерпаз Олжас Қылдыбаев дирижерлік етті. Негізі 2019 жылғы мамыр айында ауданда өткен «Қызғалдақтар фестивалінде» де 500 домбырашы күй тартқан. Сол кезде дайындығымыз бір пысықталған еді», - дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сағынғали Сейдин.

Сонымен, аудан өнерпаздарының жетістігі халықаралық сертификатпен расталды. Сертификатта:

«Ең көп домбырашының қатысуымен ауылдық мекенде орындалған қазақтың дәстүрлі аспаптық пьесасы. Гиннес рекордына 1000 орындаушы тіркелді. Рекордты ұйымдастырушы: Қостанай облысы, Амангелді ауданының әкімдігі» деп жазылған.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлыбек Тәжин айтқандай, іс-шара бейнетаспаға түсіріліп, құжаттарын реттеп халықаралық ұйымның Сочидегі кеңсесіне жолданған.

Рекордты тексерушілер құжаттардың дұрыстығын қарап, қатысушыларды мұқият санап шыққан.