Костенко шахтасынан соңғы қаза тапқан кеншінің дене бөлшектері табылды

0
574

28 қазанда сағат 2-ден 36 минут кеткенде "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтада тереңдігі 700 метрде жану болып, кейіннен метан-ауа қоспасы жарылды.


Костенко шахтасынан соңғы қаза тапқан кеншінің дене бөлшектері табылды

ERNUR.KZ. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкіметтегі отырыста Костенко шахтасында болған жағдай туралы баяндады, деп жазады zakon.kz.

Министрдің сөзінше, биыл 28 қазанда сағат 2-ден 36 минут кеткенде "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтада тереңдігі 700 метрде жану болып, кейіннен метан-ауа қоспасы жарылды. Ол жерге дереу Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Қарағанды филиалының күштері жіберілді.

"Авария кезінде ауысымда 252 кенші болды. Оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштерімен табылып, жер бетіне шығарылды. Іздестіру-құтқару барысында 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша 46-қаза тапқанның денесінің бөлшектері табылды. Қазір қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, 6-уы анықталмады. Оларды сәйкестендіру үшін қажет тиісті сараптамалар жүргізіледі. ДНҚ талдауы қажет болуы мүмкін", - деді Сырым Шәріпханов.

Министрдің айтуынша, адамдарды іздеу электр энергиясының болмауымен, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдердің болуымен қиындаған.

"Жеке су басқан тау-кен қазбаларына қол жетімділік болмады. Үйінділерді тазалау және қаза болғандардың денелерін табу қиын болды. Қазір ашық жану ошақтары жоқ. Газдық жағдай қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жүргізіліп жатыр. Аварияның себептерін тергеп-тексеру шеңберінде үкімет комиссиясы мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгет пен желдету құрылысы қираған. Қазір тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр", - деді Төтенше жағдайлар министрі.

Сонымен қатар тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылды. Аталған факті бойынша құрылыс және тау-кен жұмысын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидасын бұзғаны Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Жалпы 30 қазаннан бастап (сағат 14.00-ден бастап) Қарағанды облысының бес шахталарында (Абай, Саран, Шахтинск, Күзембаев және Ленин атындағы) өндіру процестері қайта жанданды. "Тентек" шахтасында тек дайындық жүргізіліп жатыр. "Қазақстан" шахтасында оның тіршілігін қамтамасыз ету және аэрогаз жағдайы бақылауда.