ҚР шахмат федерациясы ел құрамасының олимпиадаға тусыз шығуының себебін түсіндірді

0
525

Елдердің жартысынан көбі шеру өтетінінен бейхабар болған, ал кейбір елдер шеруге мүлдем қатыспаған.


ҚР шахмат федерациясы ел құрамасының олимпиадаға тусыз шығуының себебін түсіндірді

ERNUR.KZ. Қазақстан шахмат федерациясы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының ашылу салтанатында ұлттық құраманың неліктен мемлекеттік тусыз шыққанын түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бұған дейін шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова өзінің Facebook парақшасында Үндістандағы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасының ашылу салтанатында ұлттық құраманың мемлекеттік тусыз шыққанын жазған еді.

"Шахматтың отаны Үндістан биыл алғаш рет Олимпиада өткізуде. Сондықтан олар барлығын әсемдігімен, ауқымдылығымен таңғалдыруға тырысты. Салтанатты шара 186 ұлттық құрама команданың шеруімен аяқталды. Олардың 185-і мемлекеттік жалауымен жүріп өтті. Сіз неге команда 186, ал жалау тек 185 деп сұрайтын шығарсыз.

Себебі, команданың Олимпиадаға қатысуын ұйымдастыруға жауапты Қазақстан шахмат федерациясы ту туралы қам жемеген, қажет деп таппаған, ұмытып кеткен, 20 мың теңгесін аяған, әдейі саботаж жасап, Дүниежүзілік олимпиада ойындарына Қазақстанның туын алып бармаған. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы шеруде тусыз жүріп өтті. Ұят, масқара", - деп жазды Лиана Таңжарықова әлеуметтік желіде.

Бұған қатысты Шахмат федерациясының баспасөз қызметі пікір білдірді.

"Өткен Олимпиадаларда спортшылар шеруі болған жоқ. Әдетте, ту қатысушыларды марапаттау кезінде Олимпиаданың жабылуында ғана қажет. Биыл ұйымдастырушылар осындай мүмкіндік беруді ұйғарған, бірақ делегацияларды тиісті деңгейде хабардар етпеді", - дейді федерацияның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар федерацияның баспасөз қызметі онда Қазақстан делегациясы ғана мемлекеттік рәмізсіз болмағанын алға тартты. Елдердің жартысынан көбі шеру өтетінінен бейхабар болған, ал кейбір елдер шеруге мүлдем қатыспаған.