"Құмырсқаның илеуі": Баянауылдағы жағажайлар адамдарға толды

0
549

Облыста ауа температурасы 35-38 градусқа жетеді. Ыстықтан қашқан адамдар су қоймаларына барған.


ERNUR.KZ. Куәгерлер Баянауылдағы (Павлодар облысы) Жасыбай көлі жағажайындағы демалушыларды видеоға түсірді. Видеодан адамдар сақтық шаралары мен әлеуметтік арақашықтықты ұмытып, жаппай жиналғанын көруге болады, деп жазады Tengrinews.kz.

Желі қолданушылары жазбаға қатысты екі түрлі пікірде. Олардың кейбірі суға түсу маусымы басталғанына қуанса, ал басқалары адамдар тым көп және карантин бұзылғанын жазған.

"Нағыз құмырсқаның илеуі", "коронавирус демалыста, сондықтан ешкім ауырмайды", "адамдар демалып үлгерді", "коронавирус құлайтын жер жоқ", "Үндістандағыдай", "Инфекция қаупінің жоғарылауы!!! Онда таза судан гөрі зәр көп шығар. Қайдан таза болсын", - деп оқырман пікір қалдырған.




Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, жағдайға қатысты тиісті ақпарат аудан басқармасына шара қабылдау үшін жіберілген. Баянауыл ауданының әкімдігі демалушыларға қатысты бақылауды күшейтуге уәде берді.

"Мұндай жағдай Жасыбайда ғана емес, Сабандыкөл және Торайғыр көлдерінде де болып жатыр. Былтыр шектеулер болды, біз демалыс аймағын жауып тастадық. Биыл демалыс үйлеріне жауапкершілік туралы ескертілді. Олардың тарапынан санитария нормаларын бұзу дерегі бар деп ойламаймын. Негізінен, көлдерге жеке көлікпен бір күнге келетін адамдар заң бұзады. Мұндай демалушылар көп", - деп түсіндірді Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметі Павлодар облысы аумағында ауа температурасы жоғары екенін атап өтті. Кей жерлерде ауа температурасы 35-38 градусқа жетеді. Ыстықтан қашқан адамдар су қоймаларына барады, кейбірі шомылуға жабдықталмаған жағажайларда демалуды жөн көреді.

"Тек 4 шілдеде су айдындарында үш адам суға батып кетті, екеуі мас болған. Қаза тапқандардың бірі Баянауыл ауданының Торайғыр көлінде демалып жүрген. Барлық оқыс жағдай шомылуға тыйым салынған орындарда болады", - деді Павлодар облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қайрат Бертібаев.

Айта кетейік, 4 шілдеден бастап COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Павлодар облысы "қызыл" аймаққа кірді. Өңірде 7 шілдеден бастап бірқатар шектеу енгізіледі.