Отандық өндірушілер ішкі нарықтың базалық құрылыс материалдарына деген барлық қажеттілігін жабады.
Қазақстанда құрылыс материалдары бағасын төмендету үшін жаңа өндіріс орындары ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отандық өндірушілер ішкі нарықтың базалық құрылыс материалдарына деген барлық қажеттілігін жабады.
2021 жылдың қорытындысында елімізде құрылыс материалдарын өндіру көлемі 9,8% артып, 902,7 млрд. теңгеге жетті. Құрылыс материалдарын өндірумен 2,5 мың кәсіпорын айналысады, оларда 26,2 мың адам жұмыс істейді.
Жалпы құрылыс материалдарының ішкі нарығы $2,7 млрд. құрайды, оның ішінде отандық өндірістің үлесі - 57% ($1,6 млрд.), импорт - 43% ($1,15 млрд.).
"Қазақстандық өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент, қабырға материалдары сияқты базалық құрылыс материалдарына қажеттілігін толық көлемде жабады. Барлық жерде дерлік құрылыста және жөндеу кезінде отандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары пайдаланылады", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Алайда, ғимаратты әрлеуде қолданылатын құрылыс материалдары бойынша импортқа тәуелділік бар. Осыған орай Министрлік ішкі нарықты отандық өндірістің сұранысқа ие тауарларымен: санфаянспен, ламинатталған жабындармен, керамикалық плиткалармен, есіктермен, жылу оқшаулағыш материалдармен, алюминий радиаторларымен, полиэтилен құбырларымен, металл плиткамен, арматурамен қамтамасыз ету жұмысын жалғастырады.
"Жақында 601,3 млрд. теңгеге 35 импортты алмастыратын жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оларда 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Отандық санфаянспен, керамикалық плиткамен, минералды жылытқыштармен, ДСП плиталарымен және басқалармен қамтамасыз ететін жаңа өндіріс орындарын ашу көзделуде", - деді ҚР ИИДМ басшысы.
Осы жобаларды енгізу 2025 жылға қарай өнімнің 10-нан астам түрі бойынша құрылыс материалдарына деген орташа жылдық қажеттілікті 303 млрд теңгеге жабуға мүмкіндік береді. Осылайша, импорт үлесі 60% төмендеп, бағаның ауытқуы болмайды.