Құс тұмауы кезінде жабылып қалған Арқалық фабрикасының жұмысы жанданды

0
2 470

Кәсіпорынның қызметін қайта жалғастыру үшін кемі бір жыл қажет болған.


Құс тұмауы кезінде жабылып қалған Арқалық фабрикасының жұмысы жанданды

ERNUR.KZ. Арқалық қаласында жұмысы тұралап қалған «Агроинтерқұс» ЖШС жұмысын қайта жандандырды, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Арқалық қаласындағы қала құраушы кәсіпорын «Агроинтерқұс» ЖШС жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Оның тоқтап қалуына құс тұмауы себеп болды. Кәсіпорынның қызметін қайта жалғастыру үшін кемі бір жыл қажет болған.

Алайда облыс әкімінің айтқандай, Арқалық құс фабрикасының қызметі қайта жанданды.


«Құс тұмауына қарсы ветеринариялық жою іс-шаралары уақытылы жүргізілді. Фабрикаға жаңадан балапандар әкелінді. Жақын арада дүкендерде Арқалықтың сапалы және қолжетімді жұмыртқасы пайда болады. Бұған уәде етемін. Жалпы құс фабрикасын жаңғырту және мал шаруашылығы кешенін салу бойынша АӨК саласында 2 жобаны қолға алып отырмыз. Қостанай ауданында қуаты жылына 2 мың тоннаға дейін бройлер етін өндіретін агроөнеркәсіптік кешен іске қосылды», - деді Архимед Мұхамбетов халыққа есеп беру кездесуінде.


Айта кетейік, Арқалықтағы құс фабрикасы 1970 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 1992 жылы оның тоқтатылып, 2008 жылы қайта ашылды. «Агроинтерқұс» кәсіпорнында 220 адамға жұмыс істеп келген. Фабрика жылына 120 млн дана жұмыртқа өндіріп, нарыққа шығарып отырды.

Жалпы Қостанай облысының кәсіпкерлікті қолдау картасына жалпы сомасы 230 млрд теңге болатын 18 жоба енгізілді. Нәтижесінде 2,2 мыңнан астам жұмыс орыны ашылады.