Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері былтыр жоғалған қызды іздеуді қайта бастады.
ERNUR.KZ. Іздестіруге көрші облыстардың құтқарушылары да жұмылдырылған. Ал полиция департаментінің өкілдері тергеудің аяқталуға жақын екенін айтады, деп жазады baq.kz.
Былтыр із-түссіз жоғалған Яна Легкодимова 2001 жылы 31 тамыз күні дүниеге келген. Батыс Қазақстан облысының тумасы. Мектепті үздік аяқтап, Атыраудағы университеттердің бірінен грант ұтып алғасын, анасы екеуі мұнайлы өңірге қоныс аударыпты.
Жоғарғы оқу орнын аяқтағасын, магистратураға да түсіп, сәтті аяқтаған. БАҚ өкілдеріне бұған дейін берген сұхбатында, Янаның анасы оны өте талантты, өз мақсаты мен жоспары бар еді деп еске алды. Үнемі бәріне қолұшын созуға дайын тұратын мейірімді қыз болғанын айтады.
Оқыс жағдай орын алған күні марқұмның анасы іс-сапармен басқа қалада болған. Сол күні түнде соңғы рет желі арқылы хат алысып, таңертең қызымен байланысу мүмкін болмапты. Туыстарының көмегіне жүгінгенімен, тұрғылықты жерден де таппаған. Қалаға келе сала полицияға арызданған.
Сол түні байланыса алмағанда ұйықтап жатқан шығар деп ойлады. Мүлдем байланысқа шықпағасын туыстарымнан қарап келуін өтіндім. Үйдің жарығы жанып тұрғанымен, ешкім жоқ екенін айтты. Янаның үнемі өзімен жүретін заттары да, сырт киімі де үйде қалған. Кейін қалаға келген соң полицияға арыздандым. Қызымның жеке күнделігін таптым. Сол жерге өзінің сөйлесіп жүрген адамы жайлы жазған. Достары арқылы байланысып, ақпарат сұрадым. Бірақ ол соңғы 1 аптада көрмегенін жеткізді. Қызыма кімнің зиян келтіргенін әлі білмеймін. Құқық қорғау қызметкерлері бұл тергеу мүддесіне сай айтылмайтынын мәлім етті,- деді Я.Л анасы Галина.
Яна 2024 жылы 18 қазан күні жоғалып кеткен. Түнгі 22:00 шамасында үйінен шығып, қайта оралмапты. Төтеншеліктер бұған дейін бірнеше мәрте іздеу жүргізді. Бірақ осы уақытқа дейін нәтиже болмады. Сол себепті жұмысты тоқтатты. Ал 2025 жылы 20-наурызда іздеуді қайта жандандырды. Сол уақыттан бері сүігуірлер Жайық өзеніне 138 рет түсіп, барлау жүргізген. Бас-аяғы 21 мың шаршы метрден астам аумақты қараған. Іздестіруге көрші облыстардың төтеншеліктері де атсалысуда.
5 сәуірден бастап іздеу жұмыстарына Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің және Батыс Қазақстан облысының ТЖД қызметкерлері де кірісті. Қолғабыс етуге 12 құтқарушы келді. 1 бірлік техника, 2 жүзу құралы мен тағы 1 техника жұмылдырылды. Іздеуді күнделікті 23 қызметкер жүргізіп жатыр. Сүңгуірлер белгіленген аумақта ұзындығы 3,4 шақырым болатын су түбін тралдау жұмыстарын жүргізді,- дейді Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Полиция департаменті бұған дейін мәлімдегенде атыраулық қыздың өліміне күдікті екі адамның ұсталғанын жеткізген еді. Тергеу жүріп жатқанын айтты.
Аталған дерек бойынша адам ұрлау және адам өлтіру баптарымен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары басталды. Фактіге қатысты 24 және 25 жастағы екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды,- деді Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жағдайға қатысты соңғы ақпаратты білуге тырыстық. Полиция департаментінің өкілдері мүрдені іздестіру жұмысының әлі жалғасып жатқанын айтты. Ал адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталуға жақын екен.
Арманы асқақ болған марқұм қыздың анасы бауыр еті баласының денесі табылады деп үміттенеді. Тым болмаса тиісінше жерлеп, басына барып тұруды армандайды. Облыстағы төтенше жағдайлар департаментінің іздеу жұмыстарын қай уақытқа дейін жалғастыратыны белгісіз.