"Қысым көрсетуде": Жанпейісовтің үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды

0
5 236

Руслан Лазута қоғам белсендісінің қазіргі жағдайы ауыр екенін алға тартты.


ERNUR.KZ. Белгілі қоғам белсендісі Руслан Жанпейісовтің үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды. "ОСА" қоғамдық бірлестігінің басшысы Руслан Лазута Жанпейісовке қысым көрсетіліп жатқанын жеткізді, деп жазады kaz.nur.kz.

Ол өзінің YouTube-арнасында Жанпейісовтің қорғаушысының үндеуін жариялады. Қоғам белсендісінің қорғаушысы Закир Асадов қылмыстық істің жалған куәлік жасауға қатысты екенін атап өтті.

Бастапқыда Жанпейісовті аталған іс бойынша ұстап, кейіннен 27 сәуірде босатқан болатын. Сондай-ақ қорғаушының айтуынша, Жанпейісов жалған ақпарат таратты деп күдіктеліп, оған қатысты қылмыстық іс қозғаған. Закир Асадов қазақстандықтарды желідегі Жанпейісовтің атынан ақша жинауға үгіттеген жалған парақшаларға сенбеуге шақырды.

Ал Руслан Лазута қоғам белсендісінің қазіргі жағдайы ауыр екенін, оған қысым көрсетіліп жатқанын алға тартты.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Руслан Жанпейісов есімімен белгілі Шымкент қаласының тұрғыны Раимбеков Бибарыс ҚР ӘҚБТК-нің екі бабы бойынша кінәлі деп танылып, елімізде жарияланған ТЖ режимін бұзғаны үшін қамауға алынған еді.