Азаматтың кісі қолынан қаза тапқаны немесе өздігінен бақилық болғаны қазір анықталу үстінде.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысында 43 жастағы ер адам полиция қызметкерлері тұтқындаған кезде қайтыс болды. Марқұмның туыстары полицияның өлтіргенін алға тартса, Полиция департаментінің өкілдері бұл нұсқаны жоққа шығарады деп жазады Qamshy.kz.
2019 жылдың 10-шілдесі күні Қызылорда облысының тұрғыны азаматын полиция қызметкерлері өлтіргені туралы айтқан видеосы жарияланған. Видеода марқұмның қарындасы БАҚ өкілдеріне өтініш білдірді.
"Бүгін түнде Қызылорда қаласының полиция қызметкерлері 1976 жылы туған менің ағам Әжімбаев Бауыржан Шакимұлын ұрып өлтірді. Мен бұл істі бүкіл ел білгенін, кінәлілер жазасын алғаны дұрыс деп санаймын. Осы істі бақылауға алып, межелі жеріне дейін жеткізуге көмектесіңіздерші. Менің атым – Абсаматова Ажар. Сіздерден өтініп сұраймын. Анамыз үшінші баласын, жалғыз ұлын жоғалтып отыр. Бұл адамдар лайықты жазасын алуы керек", - деді ол.
Бұл ақпаратқа қатысты Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
"2019 жылдың 10-шілдесі күні 43 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны мас күйінде көлік басқарып келе жатқан. Ал тәртіп сақшылары оны тоқтатқан кезде қарсылық білдірген. Қызметтік көлікке мінгізіп, бөлімшеге алып келе жатқан уақытта ол аяқ астынан есін жоғалтады. Полиция қызметкерлері жедел жәрдем шақырған. Бірақ жедел жәрдем келгенше ол қайтыс болыпты. Сот-медициналық сараптама қорытындысында марқұмға ешқандай күш қолданылмағаны анықталды. Қазіргі уақытта оқиға зерттелу үстінде. Жақын арада қорытынды шешімді жариялаймыз", - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінде.