Мәдениет саласының майталмандары мемлекеттік сыйлыққа ие болды

0
254

Президент ҚР-ның Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы биылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы Жарлыққа қол қойды.


Мәдениет саласының майталмандары мемлекеттік сыйлыққа ие болды

Елімізде жыл сайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен түрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтар мемлекеттік сыйлық алады. Осы ретте бүгін Президент ҚР-ның Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы биылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы Жарлыққа қол қойып, марапаттарды өз иелеріне табыстады. Олардың қатарында азулы ақын, қаламы қарымды жазушы, ерекше шығармашыл жандар мен дарынды қылқалам шебері бар.


Атап айтсақ, көпшілікке «Айт Ман» лақап атымен танымал болған Маңғыстау өңірінің адуынды ақыны Светқали Нұржанға «Көкірегім көне кітап» жыр кітабы үшін мемлекеттік сыйлық берілді.

Ол осыдан 62 жыл бұрын 1 қаңтар күні Маңғыстау облысындағы Түпқараған ауданына қарасты Қаңға-баба ауылында дүние есігін ашқан. 1979 жылы Қарақия ауданына қарасты Жетібай елдімекеніндегі мектепті аяқтап, жылқышы, одан соң мұнайшы болған. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде білім алып, «Пионер» атты журналда, аудандық Мәдениет үйінде қызмет етіп, облыстық «Өнер» қорына басшылық жасаған. «Аудитория», «Аруана», «Таң қауызын жарғанда», «Ай таранған түн», «Әулиелер әуезі», «Еуропа поэзиясы», «Еуропа классикалық поэзиясы», «Қырық хикмет», «Дәрменсіздер дәлелі», «Сарыайшықтың көзесі», «Жұлдыздардың жұпары», «Генрих Гейне», «Шыңға ілінген жетім жұлдыз», «Жастықтың жазғы жайлауы» сынды туындылардың авторы. Осы еңбектері үшін «Дарын» мемлекеттік сыйлығын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықты, президенттік степендияны, «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Құрмет» орденін, Махамбет атындағы сыйлықты, «Отан» орденін иеленген.


Ал Түркістан өңірінің перзенті, жазушы әрі профессор Құлбек Ергөбекке мемлекеттік сыйлық «Адамның бір қызығы бала деген» атты туындысы үшін табысталды.

Саналы ғұмырын әдебиет және тарих салаларына арнап, жүздеген шәкіртке білім берген ол 1952 жылы бұрынғы ОҚО-ға қарасты Отырар ауданында өмірге келген. Құлбек Сәрсенұлы ҚазМУ-да жоғары білім алып, еңбек жолын өнер және мұражай саласындағы іргелі мекемелерде бастаған. Кейіннен атағы дардай газет-журналдарда жұмыс істеп, әдебиет зерттеу саласына ауысқан. Көптеген жыл бойы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде білім беріп, кафедралар мен факультет меңгеріп, проректор, вице-президент қызметтерін атқарған. Еңбексүйгіш жазушының қазақ әдебиетінің тарихына қатысты «Жан жылуы», «Мейірім шуағы», «Қазақ совет балалар жазушылары», «Баянғұмыр», «Жақсыдан қалған сөз», «Өтебай Тұрманжанов», «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» сынды еңбектері жарық көрген.


Сондай-ақ, «Балалықтан даналыққа жол» топтамалар жинағы үшін мемлекеттік сыйлық алған суретші Мүсәпір Жанұзақ 1961 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданында өмірге келген.

Абай атындағы педагогикалық институтындағы көркемсурет факультетінде жоғары білім алған. Еңбек жолында Т.Жүргенов атындағы өнер институтында, «Қазақфильм» киностудиясында, «Рахат» телеарнасында, «Хабар» агенттігі және «Қазақстан» РТРК» секілді іргелі мекемелерде еңбек еткен. Сурет және кино саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ол «Махамбет» атындағы сыйлықтың иегері.


Сонымен қатар, аталған марапат иелерінің қатарында «Көшпенді фрескалар» киізден бастырылған паннолары топтамасы және «Әлем өрнектері» гобелендер топтамасы үшін сыйлыққа ие болған Бапанов Әлібай мен Бапанова Сәуле де бар.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Бөлісу