Медициналық әлеуметтік сақтандыруға түскен қаржы мен игерілген ақшаның есебі жарияланады

0
2 115

Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлім етті.


Медициналық әлеуметтік сақтандыруға түскен қаржы мен игерілген ақшаның есебі жарияланады

ERNUR.KZ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында түскен қаржы мен игерілген ақшаның мәліметтері жарияланатын болады, де жазады stan.kz.

Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлім етті.

"Қазіргі таңда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметінің ашықтығын жақсарту үшін оны дербестендірілген қаржылық есепке алу және ақша қаражаттарының қозғалысын қадағалау қағидаты негізінде толық цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты қаржы қаражатының түсуі, оларды пайдалану туралы ақпарат қордың сайтында қолжетімді болады. МӘМС жүйесін жетілдіру мәселелері денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде жоспарлы түрде шешіледі", - деп жазды Үкімет басшысы жауабында.

Ол келтірген мәлімет бойынша 2022 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 20,8 млрд теңге сомасына 3 миллионнан астам заңсыздығын анықтаған.

"Оның ішінде тіркеумен байланысты 403 млн теңгенің заңсыздығы белгілі болды. Тіркеу фактілерін алып тастау мәселесі денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру жолымен шешіледі. Бұл мониторингпен 100% қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте цифрландыру дербестендірілген қаржылық есеп қағидаты және медициналық қызметтерді тұтынушылардың виртуалды шоттарындағы ақша қаражатының қозғалысын қадағалау негізінде жүзеге асырылады", - дейді Премьер-Министр.

Айта кетсек, бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов үш жыл бұрын енгізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін қайта қарауды ұсынған болатын. Оның сөзінше, халық медициналық сақтандыру жүйесі болса да еріксіз ақылы қызмет алуға және дәрігерге қаралу үшін бірнеше айлап кезек күтуге мәжбүр. Сондай-ақ Аймағамбетов қорды ай сайын қаржыландырудың да қажеті жоқ дейді. Өйткені халықтан түсетін миллиардтардың қайда, қалай жұмсалып жатқаны белгісіз.