Олардың бәрі амбулаториялық бақылауға алынған және барлығының жағдайы жақсы.
ERNUR.KZ. Бүгінгі таңда Көпфункционалды облыстық балалар ауруханасында инфекциядан зардап шеккен 43 бала жазылып кетуіне байланысты емін аяқтап, ауруханадан шығарылды, деп жазады baq.kz.
Олардың бәрі амбулаториялық бақылауға алынған және барлығының жағдайы жақсы.
Стационарда 53 бала ем алуын жалғастырып жатыр, олардың жағдайы да тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Ауру шыққан кезден бастап (2024 жылғы 6 қыркүйектен бері) өңірдің медициналық мекемелеріне Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы "№8 жалпы білім беру мектебі" МКК -ның қызуы көтерілген, іші өткен, лоқсып, әлсіздік байқалған 466 оқушысы қаралған болатын. Соның ішінде 96 бала қажетті медициналық көмекті алу үшін ауруханаға жатқызылды.
Науқастарға тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Сонымен қатар сол жерде науқастарды емдеуге көмек көрсету бойынша Астана медициналық университетінің инфекционистері мен гастроэнтерологтары, Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл медицина Ұлттық үйлестіру орталығының мамандары жұмысын жалғастырып жатыр.
Бала құқығы жөнінде уәкіл Динара Зәкиева Маңғыстауда мектеп ішінде уланған балалардың қазіргі жағдайы туралы айтқан еді.
Еске салсақ, 6 қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының №8 мектебінде оқушылар жаппай уланып, ауруханаға түскен.