2020 жылдың 16-29 желтоқсаны аралығында коронавирус жұқтырудың 131 жағдайы, 30 желтоқсан мен 12 қаңтар аралығында 166 жағдай тіркелген, өсім - 0,6 пайыз.
ERNUR.KZ. Талдықорғанда 15 қаңтардан бастап карантин күшейтіледі. Қаланың бас санитар дәрігері Ермек Есімқұловтың қаулысына сәйкес бойынша мұндай қатаң шаралар 29 қаңтарға дейін жалғасады, деп жазады Tengrinews.kz.
Есімқұлов онлайн-брифингте Талдықорған коронавирус бойынша "қызыл аймақта" екенін айтты.
Оның айтуынша, 2020 жылдың 16-29 желтоқсаны аралығында коронавирус жұқтырудың 131 жағдайы, 30 желтоқсан мен 12 қаңтар аралығында 166 жағдай тіркелген, өсім - 0,6 пайыз.
"Қазір мектептер, университеттер, колледждер өз қызметін толығымен тоқтатады, оқыту тек қашықтан жүзеге асырылады", - деді ол.
Жаңа қаулыда мемлекеттік органдар, ұйымдар мен кәсіпорындар, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан кәсіпкерлер келесі режимді сақтауы қажет екені айтылады:
- Талдықорған қаласының аумағындағы меншік нысанына қарамастан ұйымдардың барлық кеңсе қызметкерлерін қашықтықтан жұмысқа ауыстыру (қызметкерлер саны 15 және одан да көп адам болатын ұйымдар қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы);
- Екінші деңгейдегі банктердің, пошта бөлімшелерінің, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын алдын ала жазылу бойынша, - электронды кезек және халықтың көп жиналуын болдырмау және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтау мақсатында басқа да шаралар бойынша ұйымдастыру;
- ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салу, сондай-ақ жаппай корпоратив және басқа да іс-шараларды өткізу үшін жеке меншік үйлер мен құрылыстарды жалға алуға тыйым салу;
- бетпе-бет режимде кеңестер (отырыстар, семинарлар, форумдар, тренингтер, конференциялар) өткізуге тыйым салу;
- техникалық және кәсіптік, орта және жоғары білім беретін мектептер мен ұйымдарда қашықтан оқыту форматында онлайн-оқытуды ұзарту.