​Мемлекеттік қызметтің 90 пайызы электронды форматқа көшіріледі

0
1 133

Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов айтты.


​Мемлекеттік қызметтің 90 пайызы электронды форматқа көшіріледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда алдағы екі жылда мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматқа көшіріледі. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Астанада өткен «Мемлекеттің ашықтығы мен есептілігі - жемқорлыққа қарсы қазіргі саясаттың негізі» атты сұхбат алаңында мәлімдеді, деп жазады Baq.kz.

«Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап ауқымды реформаларды іске асырып жатыр. Еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әлемдік стандарттарға сай келетін тиімді механизмдерін қалыптастыру бағытын ұстанды. Мемлекет басшысы Жолдауында ашықтық және ақпаратқа қолжетімділік мәселелерін ерекше атап өткен болатын. Қазіргі таңда Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің жаңа дәуірін бастады», - деді Бектенов.

Ол елімізде ашықтық пен айқындық қағидаттарына негізделетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа моделі қалыптасып, жыл басынан бері халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 55 пайызы онлайн-режимге көшірілгенін айтты.

«Қызметтердің 23 пайызы «Бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіліп жатыр. Яғни, жалпы алғанда мемлекеттік қызметтердің 78 пайызы азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлердің байланысынсыз көрсетілуде. Бұл шаралар аталмыш салада тұрмыстық жемқорлықтың деңгейін 3/4 мөлшерге дейін азайтуға мүмкіндік берді. Біздің мақсат – алдағы екі жылда мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын электронды форматқа ауыстыру. Ал қалған қызметтердің 10 пайызын тек «Бір терезе» қағидаты бойынша көрсету деңгейіне жеткізгіміз келеді», - деді агенттік төрағасының орынбасары.