Мемлекеттік наградалар алуға қатысты қойылатын талаптар күшейтіледі

0
268

Бұл құжат 2024 жылғы 21 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.


Мемлекеттік наградалар алуға қатысты қойылатын талаптар күшейтіледі

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ERNUR.KZ. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп жазады inform.kz.

Бұл құжат 2024 жылғы 21 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.

«Аталған заң мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етуде, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу дәрежесін арттырудағы жүйелі қадам. Құжат аясында мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, азаматтарға мемлекеттің жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер пайда болады. Бұл Қазақстанның қоғамдық даму процесіндегі нақты прогрессивті қадам. Заңда ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту, ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік бақылауды енгізу, ақпараттың ашықтығы презумпциясы мен ақпаратты проактивті түрде тарату қағидаттарын бекіту, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға ақпаратқа қол жеткізу үшін қажет жағдайлар жасауға бағытталған нормалар ұсынылды», — деді депутат Ерлан Саиров.

Мұнымен қоса, құжатты талқылау барысында мынадай түзетулер енгізілді:

— «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар алу кезінде қойылатын талаптарды арттыруға бағытталған нормалар енгізілді;

— Мемлекеттік тілдің рөлін арттыруға бағытталған тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары бекітілді.

«Заң жобасы аясында қаралатын мәселелер аясының кеңеюін ескере отырып, депутаттар заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді», — Ерлан Саиров.

Мәжіліс депутаттары осы заңды қабылдап, Сенатының қарауына жолдады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, депутат Ерлан Саиров жаңа заң көпшілікке шектеусіз ұсынылатын ақпараттың тізбесін кеңейтетінін атап өтті.