Мемлекеттік сатып алулар конкурсы рейтингтік-балдық жүйе бойынша жүзеге асырылуда

0
402

Бұл конкурс түріндегі сатып алудың жаңа тәсілі.


Мемлекеттік сатып алулар конкурсы рейтингтік-балдық жүйе бойынша жүзеге асырылуда

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды жүзеге асыру шеңберінде құрылыс нарығын монополиядан арылту жөніндегі шаралар жоспарлануда. Атап айтқанда, шартты жеңілдіктерді есептеу кезінде аумақтық белгі және теріс мәндер түріндегі баға өлшемшарттарының көлемдері ұлғайтылатын болады. Бұл мемлекеттік сатып алу көлемін біркелкі және әділ бөлуге және жекелеген ірі компаниялардың монополиялық жағдайын болдырмауға ықпал етеді. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Даурен Кеңбеил ОКҚ брифингінде хабарлады.

Сондай-ақ ол мемлекеттік сатып алулардағы рейтингтік-балдық жүйе туралы ақпарат берді. Велдомство өкілінің айтуынша, бұл конкурс түріндегі сатып алудың жаңа тәсілі болып табылады.

«Бұл тәсіл жеңімпазды анықтау процесіне конкурстық комиссияның қатысуын болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Жеңімпаз мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде автоматты түрде анықталғандықтан, сатып алу қорытындылары шағымдануға жатпайды. Конкурсты өткізу мерзімі 29 күннен аспайды», – деді спикер.

2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап құрылыс-монтаждау мен жобалау жұмыстары, рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып өткізілетін конкурс арқылы сатып алынуда. Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап техникалық қадағалау қызметтері де осы тәсілге ауыстырылды. Жалпы, жаңа заң рейтингтік-балдық жүйесін барынша дамытуға бағытталған.

Бүгінгі таңда сатып алу бойынша бірыңғай платформа іске қосылды. Бұл платформада мемлекеттік, квазимемлекеттік және «Самұрық – Қазына» Қорының сатып алулары жүзеге асырылады.

«Сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыру және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында Заңға мемлекеттік сатып алу жүйесіне «толық бітіріп берілетін құрылыс туралы» EPC-келісімшарттар және офтейк-келісімшарттар жасасуға қатысты ережелер енгізіліп, өнім берушілердің жауапкершілігін күшейтіп отыр. Өз кезегінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мемлекеттік сатып алу саласындағы әкімшілік жауапкершілікті қайта қарауға қатысты түзетулер енгізілді», – деді вице-министр.

Жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, өнім берушілердің жауапкершілігін күшейтуге және отандық тауар өнім берушілерге қолдауға мүмкіндік береді.