Ресей азаматына еліміздегі ең ірі қаржы пирамидасы - "Questra World-ты" ұйымдастырды деп айып тағылған.
ERNUR.KZ. Қазақстан полициясы Ресей азаматы Ольга Клейнардтың Қазақстанға экстрадициялануына қол жеткізді. Оған еліміздегі ең ірі қаржы пирамидасы - "Questra World-ты" ұйымдастырды деп айып тағылған, деп жазады zakon.kz.
"Ольга Клейнард еліміздегі алаяқтардың іс-әрекетін үйлестіріп отырған. Алаяқтардың айла-шарғысына мыңдаған қазақстандық түсіп, келтірілген залал мөлшері 1 миллиард теңгеден асады. Оны Беларусь Республикасының территориясынан ұстады", - дейді полициядағылар.
Жақында ол Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына тоғытылған.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР ІІМ Questra World компаниялар тобының қылмыстық ісі бойынша сегіз адамды ұстаған. Олардың төртеуі - қаржы пирамидасының аймақтық филиалдарының директорлары болған Қазақстан азаматтары. Алаяқтық схема жалған инвестициялық портфельдерді сату туралы ақпараттарды веб-сайттарға орналастырып, сол арқылы бұл істің тасы өрге жүрген. Киберқылмыскерлер азаматтарға инвестициялардың жылдық сыйақы мөлшерлемесі 300% дейін көлемде еселеп қайтарылатындығына уәде берген. "Questra World" қаржы пирамидасы басқа бірқатар мемлекетте де жұмыс істегені анықталды.