Денсаулық сақтау министрі қызылшаға қарсы вакцина қауіпсіз екенін көрсету үшін кішкентай немересін емханаға өзі апарып, екпе жасатқан.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызылша ауруына қарсы екпе егілген немересінің жағдайы туралы айтты, деп жазады sputnik.kz.
Оның айтуынша, 5 жасар немересіне қызылшаға қарсы екпе егілген.
"Төртінші күні оның дене қызуы көтерілді, құсты. Дәрігерлер мұның екпеге реакция екенін айтты. Бір күннен кейін бұл белгілер басылды. Мен қазір сіздерге қалай болды, солай айтып отырмын. Екпеден кейін осындай белгілер байқалуы мүмкін", - деді Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министр жалпы халықта вакциналарға сенім бар екенін атап өтті.
"Онай ішінде жоспарлы вакциналауға келмегендердің үлесі аз болды. Олар шынымен кейбір антиваксерлерді тыңдайтын адамдар. Діни сенім тұрғысынан екпеден бас тартатын адамдар да баршылық. Күмәнданып, артынан түсіндіру жұмыстарынан кейін вакцина салғызғандар да бар. Сол себепті біз ауру салдарынан негізінен кішкентай балалар зардап шегетінін ескеріп, ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оны мен өзім бастадым. Вакцинаның қауіпсіз, тиімді екенін, сенуге болатынын дәлелдеу үшін бес жасар немеремді емханаға апарып, екпе салдырттым", - деді Ғиният.
Министрдің айтуынша, қосымша жаппай вакциналау жүргізу үшін қызылшаға қарсы 1,5 млн доза вакцина сатып алынды, оның 500 мың дозасы жеткізілді. Желтоқсан айында 1 млн доза келеді деп күтілуде.