Министрлік Қордайдағы жаппай төбелес қалай басталғанын айтып берді

0
1 329

Ішкі істер министрінің орынбасары екі ауылдың тұрғындары арасында кикілжің туындап, Қордайдағы жаппай төбелестің неден басталғанын түсіндірді.


Министрлік Қордайдағы жаппай төбелес қалай басталғанын айтып берді

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайдағы жаппай төбелестің неден басталғанын айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Негізі, бәріне 5 ақпандағы оқиға түрткі болған. Екі ауылдың тұрғындары арасында кикілжің туындады. Ол күні Масанчиде үш адам мінген көлік жолмен келе жатқан, тағы үшеуі жүк көлігімен ауладан шығып жатса керек. Сөйтіп, біреуі екіншісіне жол бермей, жанжал туындаған. Әдеттегідей, сөзден басталған кикілжің төбелеске ұласып кетті", - деді Калайчиди журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, сол күні полиция келіп, кінәлі адамдарды анықтады. Біреуі қамауға алынса, екеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Жанжалға қатысқандардың ішінде жасы үлкен ер адам да болды. Оның сан сүйегі сынған. Дәл осы кикілжіңнің видеосы маңайдағы ауыл тұрғындары арасында тарап кеткен. Видеоны таратқандардың пікірлері де тым қатты болды.
"Ол жақта әрбір ауылдың өз чаттары бар. Видео сол чаттарда таралып кеткен ғой. Егде жастағы адамның соққыға жығылғаны, сосын арандатушылардың теріс пікірлері бар. Осының бәрі екі күн бойы чаттарда жинала берген, жинала берген. Ал чаттарда қызу қанды жастар көп қой. Ауылдар да бір-біріне жақын орналасқан. Сөйтіп, жұма күні кешке қарай бәрі жұмыстан келгесін жиналып, Масанчиге шығып кеткен", - деп атап көрсетті Калайчиди.