"Мойнына жіп байлап, көміп кеткен": Алматы облысында 4 адам ломбард қызметкерін азаптап өлтірген

0
219

Күдіктілер марқұмды алдымен буындырып, кейін қылмыстарын жасыру үшін мәйітті көміп тастаған.


фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Алматы облысында ломбард қызметкерін азаптап өлтірді деген төрт күдікті ұсталды, деп жазады stan.kz.

Полицияның мәліметінше, күдіктілер марқұмды алдымен буындырып, кейін қылмыстарын жасыру үшін мәйітті көміп тастаған.

Оқиға Алматы іргесіндегі Көлащы ауылында болған. 51 жастағы азаматқа жақындары бір апта бойы іздеу салған. Үйінен кешкі уақытта шығып, содан ұшты-күйлі жоғалған ер адам қаладағы ломбардтардың бірінде бағалаушы қызметін атқарыпты. Жақындарының айтуынша, жолда оған бірнеше апта бұрын құнды затын өткізген азамат кездесіп, жеткізіп тастауға ұсыныс білдірген. Марқұм көлікке отырмай жатып әлдекімдер оны соққыға жығып, күштеп алып кеткен көрінеді. Оның денесі ауыл шетіндегі егістік алқабынан табылған.

Полиция ер адамды өлтірді деген күдікпен төрт адамның ұсталғанын мәлімдеді.

“Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында 9 қарашада криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық жағдайы мен себептерін объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде”, – деді Алматы облысы ПД КПБ бастығы міндетін атқарушы Нұржан Кеңесханұлы.