Mudaraban Capital бойынша 2 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды

0
451

Қазіргі таңда қылмыстық процеске 14 адам тартылған.


Mudaraban Capital бойынша 2 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды

ERNUR.KZ. Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов Mudaraban Capital қаржы пирамидасына қатысты қозғалған іс жайында түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда қылмыстық процеске 14 адам тартылды, оларға Қылмыс кодексінің 217-бабы 3-бөлімі бойынша айып тағылған. Он күдікті қамауда отыр, екеуіне халықаралық іздеу жарияланды, біреуі кепілмен босатылды, біреуі ешқайда кетпейтіні жайлы қолхат берді», - дейді Рустам Әбдірахманов.

Сонымен қатар, ол полиция блогерлерді қамауға алу арқылы, негізгі күдіктілерді істен жалтартпақ деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Қаржы пирамидасының салымшысы Бағила Досмайылова мені тікелей айыптады. Оның айтуынша, мен «істі жабуға асығып отыр екенмін». 14 адам күдікке ілінген қылмыстық істі мен қалай жауып тастаймын? Айта кетейін, Досмайылова наурыз айының соңында Бас прокуратураның алдына жалғыз адамдық пикет өткізді. Қолындағы плакатта «Мейіржанды қамаңдар» деп жазылған. Кеше Досмайылованың блогерлерге қатысты пікірі өзгерді. Оның себебін білмеймін. Оны біз тексермейміз. Өйткені, ол кісі бізде жәбірленуші болып танылған. Оның үстіне ауруханада жатыр. Мүмкін ақшасын қайтарып алған болар», - деді ол.

Айта кетейік, 11 сәуір күні Бағила Досмайылова астанадағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында өзін өртеп жіберген болатын.

19 сәуір күні Алматыда «Mudaraban Capital» қаржы пирамидасының 4 ұйымдастырушысы қамауға алынғаны туралы жазғанбыз.

Кейін танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 тәулікке қамауға алынды.