"Науқастар ауруханаға ауыр жағдайда түсіп жатыр": Елорда дәрігерлері тұрғындарға үндеу жасады

0
2 416

Мамандар былтырғы жағдай тағы да қайталана ма алаңдап отыр.


ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында коронавирусп жұқтырған науқастардың саны күн санап көбейіп барады. Науқастар ауруханаларға ауыр күйде түсіп жатыр. Бұл туралы елорданың штаттан тыс бас инфекционист дәрігері Сәуле Атығаева мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Былтырғы жағдай тағы да қайталана ма деп қорқамыз. Қазір КВИ көрсеткіші бәрімізді алаңдатып отыр, науқастар ауыр және өте мүшкіл халде ауруханаларға түсіп жатыр. 18 наурыз күні қала бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 307 жағдай анықталды», - дейді көпсалалы медициналық орталықтың инфекциялық блогының дәрігері.

Дәрігердің айтуынша ИВЛ аппараттарда жатқан науқастар саны күрт артқан.

«Жансақтау бөліміне тәулігіне жаңадан 5 науқас жатқызылады. Әсіресе, артериялық гипертензиясы, қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы бар егде және кәрі жастағы адамдар үшін коронавирус өте ауыр өтеді», - дейді С. Атығаева.

Дәрігер былтырғы жағдай (жаздағы – ред.) қайталанбас үшін, сондай-ақ өлімге әкелетін өте ауыр жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындарға санитарлық шаралардың бәрін сақтауды ұсынады.

«Күн сайын сіздер мен біздің амандығымыз үшін жұмыс істейміз. Бірақ жағдайды тек дәрігерлердің көмегімен реттеу мүмкін емес. Әркімнің жауапкершілігі маңызды рөл атқарады», - деді елорда дәрігері.

Дәрігерлердің айтуынша, инфекция жұқтыратындар саны әсіресе мереке күндерінен кейін күрт артады. Адам көп жиналатын орындарда санитарлық нормалар сақталмауынан науқастар саны айтарлықтай көбейеді. Қала тұрғындары үшін бұл байқалмауы мүмкін, бірақ дәрігерлер жағдайдың күрт нашарлағанын көріп отыр.