Нұр-Сұлтан қаласына локдаун енгізіледі

0
2 468

Дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуіне байланысты жексенбі күні қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады.


Нұр-Сұлтан қаласына локдаун енгізіледі

Нұр-Сұлтан қаласының қызыл аймаққа енгенін ескере отырып, жексенбі күні, яғни 21 наурызда елордаға локдаун енгізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жексенбіде сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда орталықтары (оларда орналасқан дәріханаларды, сондай-ақ тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сататын және орналасқан жеріне қарамастан қызметіне рұқсат етілген объектілерді қоспағанда), жабық азық-түлік емес базарлар, азық-түлік емес тауарларды өткізетін объектілер, жабық спорт объектілері, ХҚО, «Қазпошта» АҚ секілді мекемелердің жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Сондай-ақ, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуіне байланысты жексенбі күні қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады.

Сенбі және жексенбі күндері фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың («сары аймақ» критерийлері қолданылатын «Ashyq» пилоттық жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда) жұмысына тыйым салынады.


«Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Өткен мереке күндерінен кейін коронавирус инфекциясын жұқтырушылар саны күрт көбейді. Осыған байланысты қосымша карантин шектеулері бар қаулы 18 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Наурыз мейрамына орай бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Індеттің өршуіне жол бермеу керек. Медициналық ұйымдар мен медицина қызметкерлеріне шамадан тыс жүктеме болмас үшін қатаң санитарлық нормалар сақталуы қажет, яғни бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек», - деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.


С. Бейсенова 18 наурыздан бастап қоғамдық тамақтану объектілерінің (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмыс және демалыс күндері сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс уақыты қысқаратынын атап өтті.

Сонымен қатар, 18 наурыздан бастап кинотеатрлар мен кинорумдардың жұмысына тыйым салынады.