Сырқаттану жағынан елордада осыншама парацетамолды қажет ететіндей науқастар саны жоқ. Тиісінше бұл препараттарды кейбіреулер сатып алып, қымбатқа сатып жатыр деген сөз.
ERNUR.KZ. 70 мың адамға арналған парацетамол мөлшерін Нұр-Сұлтан тұрғындары жарты сағаттың ішінде сатып алып кеткен. Ал көп өтпей бұл препараттар интернетте сатыла бастаған. Бұл дерекпен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бөлісті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Кеше Нұр-Сұлтан қаласында 70 мың адамға арналған парацетамол дәрісінің мөлшері дәріханаларға таратылған болатын. Жарты сағаттың ішінде ғана оның бәрі сатылып кетті. Қазіргі уақытта интернетте бұл дәрілер қайта сатыла бастағанын көріп отырмыз. Біздің уәкілетті органдарымыз бұл мәселені жіті бақылауына алады. Сырқаттану жағынан елордада осыншама парацетамолды қажет ететіндей науқастар саны жоқ. Тиісінше бұл препараттарды кейбіреулер сатып алып, қымбатқа сатып жатыр деген сөз. Жетіспеушілік осылайша қолдан жасалып отыр немесе дене қызуы жоқ адамдар дәріні сатып алуда», - деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек Алексей Цой бұған дейін Қазақстанға парацетамолдың 700 мың қаптамасы жеткізілгенін, тағы 800 мыңы күтіліп отырғанын хабарлаған еді.